Қазақстан өңірлерінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналарға берілетін әлеуметтік көмектің көлемі әртүрлі. Кей облыстар қомақты біржолғы төлем қарастырса, кей өңірлерде мерекеге орай арнайы қаржылай қолдау мүлде жоқ.
BAQ.KZ тілшісі әкімдіктердің редакциямызға берген ресми жауаптарына сүйене отырып, өңірлердегі жағдайды жеке-жеке саралап шықты.
Астана қаласы
2025 жылғы дерек бойынша елордада 805 567 әйел тұрады. Қалада 39 156 көпбалалы отбасы, оның ішінде 8 132 көпбалалы ана тіркелген.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Астана қаласында 2,5 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді.
Алматы қаласы
2026 жылғы 1 ақпандағы мәліметке сәйкес, Алматыда 38 630 көпбалалы отбасы бар.
Алайда 8 наурыз мерекесіне орай біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылмаған.
Шымкент қаласы
Шымкент қаласы әкімдігі редакция жолдаған сауалға толық жауап бермеген. Сондықтан 8 наурызға байланысты төлем бар-жоғы туралы нақты ақпарат ұсынылмады.
Абай облысы
Облыста 303 060 әйел тұрады. Көпбалалы отбасы саны – 19 140.
Биыл 8 наурызға орай көпбалалы аналарға және төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр.
Ақмола облысы
Өңірде 13 777 көпбалалы отбасы тіркелген.
8 наурызға орай «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне 3-тен 5 АЕК-ке дейін (12 975 – 21 625 теңге) көлемінде біржолғы төлем қарастырылған. Жалпы 3 692 әйелге төлем жасалады.
Ақтөбе облысы
Облыста 30 363 көпбалалы отбасы бар.
Алайда 8 наурыз мерекесіне орай бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылмаған.
Сонымен бірге табысы төмен азаматтарға өтініш негізінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі және атаулы әлеуметтік көмек төленеді.
Алматы облысы
Өңірде 52 мыңнан астам көпбалалы ана тіркелген.
8 наурызға орай біржолғы төлем қарастырылмаған.
Дегенмен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі және басқа да қолдау шаралары тұрақты түрде көрсетіледі.
Атырау облысы
Облыста 30 033 көпбалалы отбасы бар.
8 наурызға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылмаған.
Түркістан облысы
Түркістан облысында 191 925 көпбалалы ана тұрады.
8 наурыз мерекесіне орай «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» және «Ана даңқы» ордендерінің иегерлеріне 2 АЕК (8 650 теңге) мөлшерінде біржолғы көмек беріледі. Жалпы 57 163 ана қамтылады, бөлінген қаражат көлемі – 494,4 млн теңге.
Солтүстік Қазақстан облысы
Облыста 7 413 көпбалалы отбасы бар.
8 наурызға орай:
- «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атағын алған аналар иен I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 10 АЕК (43 250 теңге)
- Төрт және одан көп баласы бар отбасыларға – 5 АЕК (21 625 теңге)
Бұл өңірдегі ең жоғары төлемдердің бірі.
Павлодар облысы
Өңірде 11 264 көпбалалы отбасы бар.
8 наурызға орай атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасыларға 5 АЕК (21 625 теңге) көлемінде біржолғы төлем беріледі. 650-ден астам ана қамтылады.
Маңғыстау облысы
Облыста 56 467 көпбалалы ана бар.
8 наурызға орай «Алтын алқа», «Күміс алқа» және басқа марапат иелеріне 15 000 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Биыл 14 835 ана төлем алады.
Қызылорда облысы
Өңірде 17 766 марапатталған көпбалалы ана бар.
Алайда 8 наурызға байланысты біржолғы төлем қарастырылмаған.
Қостанай облысы
Облыста 5 153 марапатталған көпбалалы ана бар.
8 наурыз мерекесіне орай біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылмаған.
Қарағанды облысы
Өңірде 25 708 көпбалалы ана тұрады.
8 наурызға орай 23 415 анаға 20 000 теңге мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Жалпы қаражат көлемі – 468,3 млн теңге.
Жетісу облысы
Облыста 21 952 көпбалалы отбасы бар.
8 наурызға арнайы біржолғы төлем туралы ақпарат көрсетілмеген. Өңірде атаулы әлеуметтік көмек жүйесі арқылы қолдау көрсетіледі.
Жамбыл облысы
Облыста 48 004 көпбалалы отбасы тіркелген.
8 наурыз мерекесіне орай жергілікті бюджеттен біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылмаған.
Батыс Қазақстан облысы
Облыста 15 410 көпбалалы отбасы бар.
8 наурызға орай біржолғы төлем қарастырылмаған.
Шығыс Қазақстан облысы
Өңірде 13 438 көпбалалы отбасы бар.
8 наурызға орай көпбалалы аналарға 15 000 теңге мөлшерінде біржолғы төлем беріледі.
Ұлытау облысы
Облыста 9 375 көпбалалы ана тіркелген.
8 наурыз мерекесіне орай барлық марапатталған көпбалалы аналарға 20 000 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді.






