466 адам ажал құшқан: 12 рет жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды

425

0

Фото: amanatpartiasy.kz

12 маусым Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл – еліміздің тарихындағы он екінші жағдай. Turkystan.kz тілшісі ел тарихындағы қаралы күндерге шолу жасады.

20 қыркүйек. Шахтадағы жарылыс

Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні алғаш рет 2006 жылы жарияланды. Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 41 кенші көз жұмған болатын. Жарылыс дүмпуі 4,5 шақырымға дейін естілген еді. Оқиғадан кейін алты жұмысшы сотталды.

14-16 қаңтар. Шахтадағы екінші ірі жарылыс

2 жыл өткен соң 2008 жылдың 11 қаңтарында Абай қаласындағы шахтада апат қайталанып, 30 адам қаза тапты.

Метан жарылысы 400 метр тереңдікте болды. Осы уақытта шахтада 191 адам болған. Жарылыстан кейін Лавада өрт шықты. 161 шахтер жер бетіне шығарылды, оның ішінде 14 адам түрлі дәрежедегі күйік алып, жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.

16 наурыз. Қызылағаш апаты

2010 жылдың 11 наурызында Қызылағаш бөгеті жарылып, ауылды толығымен су шайып кетті. Салдарынан 45 адам көз жұмды. Оның ішінде 11-і – бала.

5 маусым. Арқанкерген қырғыны

28 мамырда «Арқанкерген» шекара қызметінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Оқиғаға жалғыз тірі қалған сарбаз – Владислав Челах кінәлі деп танылды. Қайғылы оқиғадан кейін 2012 жылдың 5 маусымында Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

27 желтоқсан. Шымкентте ұшақтың құлауы

2012 жылдың 25 желтоқсанында Шымкент маңында ҰҚК шекара қызметінің ұшағы құлап, бортта болған 27 адам көз жұмған еді. Қаза болғандардың ішінде ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков болды. Әуе апатына Шымкент әуежайының диспетчері кінәлі деп танылды. Ол төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

31 қаңтар. SCAT компаниясының ұшағы апатқа ұшырады

2013 жылдың 29 қаңтарында Алматы жанындағы Қызылту ауылы маңында Көкшетау-Алматы бағытындағы жолаушылар ұшағы құлап, бортта болған 5 экипаж мүшесі мен 16 жолаушы мерт болды. Апатқа ұшқыштардың қателігі себеп деп аталды.

9 маусым. Ақтөбедегі терракт

5 маусымда теріс діни ағымды ұстанатын бір топ адам қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Атыс кезінде 21 адам ажал құшты. Оның 13-і радикалды топ өкілдері болса, 8-і бейбіт тұрғын, қалған 3-еуі әскери еді.

28 желтоқсан. BekAir ұшағының апатқа ұшырауы

2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы 7:22 шамасында Bek Air әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы Алматы әуежайы маңында биіктікке көтеріле алмай, бетон қоршауды бұзып, екі қабатты үйге соғылды. Салдарынан бортта болған 12 адам көз жұмды.

13 шілде. Коронавирус пандемиясы

Әлемдік коронавирус пандемиясына байланысты 13 шілдеде елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Астана уақыты бойынша 12:00-де коронавирустан көз жұмған азаматтарды еске алу үшін 1 минут үнсіздік жарияланды.

29 тамыз. Жамбылдағы жарылыс

2021 жылғы 28 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасында өрт пен жарылыс болды. 28349 әскери бөлімдегі оқ-дәрілер қоймасындағы өрт 26 тамызда басталды. Өрт және соның салдарынан туындаған жарылыстар кесірінен 17 адам қаза тауып, 98 адам жараланды. Оқиғаға байланысты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 31 тамызда өз еркімен отставкаға кетті.

10 қаңтар. Қаңтар оқиғасы

2022 жылдың 5 қаңтарында елде басталған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ресми ақпаратқа сәйкес 238 адам көз жұмды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<