5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні

145

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. 1972 жылы Біріккен Ұлттар ұйымының шешімімен белгіленген бұл күн әлемдегі халықтың назарын қоршаған ортада болып жатқан проблемаларға аударуды көздейді.

Жыл сайын еліміздің түрлі аймағында аталмыш күн аясында айналаны тазарту шарасы ұйымдастырылып, қалдықты қайта өңдеу науқаны жүреді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында сала мамандары осы бағыт бойынша облыста жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Ең алдымен, табиғат жанашырлары мен экобелсенділерді және қоршаған ортаны қорғауға атсалысып жүрген барша азаматтарды мерекемен құттықтаймын! Осы орайда қоршаған орта саласында атқарылып жатқан аймақтағы біршама жұмыстарға тоқталғым келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 5 жыл ішінде 1 млн гектардан аса аумақта сексеуіл егілуде. Бүгінгі күнге 600 мың гектардан аса жерге сексеуіл егілді. Келесі жылдың аяғына дейін жоспар бойынша бекітілген меже орындалатын болады. Айта кету керек, қоршаған ортаны қорғау бағытында маңызды істердің бірі – тұрмыстық қатты қалдықтармен жұмыстарды тиімді жүргізу. Жыл басынан бері тұрмыстық қатты қалдықтардың 21 270 тоннасы өңделді. Қазіргі таңда облыс бойынша қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласында 15 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасауда. Кәсіпорындармен картон, қағаз қалдықтары жинақталып, қағаз өнімдері мен эковата шығарылуда. Одан бөлек, пластмасса, пластик бөтелкелерін қабылдауға арналған арнайы контейнерлер орналастырылып, жинақтайтын кәсіпорындар саны артуда, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мәріп Акбар.

– Қызылорда облысының экология департаменті табиғат қорғау шараларының орындалуына және табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына ерекше ден қояды. Мәселен, биылғы жылдың есепті мерзімінде қоршаған ортаны қорғау саласында 12 субъектіге бақылау шарасы ұйымдастырылды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жөнінде іс қозғалып, жеке және заңды тұлғаларға айыппұл салынды. Сондай-ақ, «Қазақстан Ғарыш сапары» АҚ-мен жүзеге асырылған мониторинг нәтижесімен Арал ауданына қарасты аумақта 37 рұқсатсыз қалдық орны анықталды. Департаменттің жүйелі жұмыс жасауының нәтижесінде жыл сайын рұқсатсыз тасталған қалдық орындары азайып келеді, – деді Қызылорда облысы бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлішер Шамкенов.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<