5 мектеп-интернаты NIS сахнасында концерт берді

712

0

Қаладағы №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Зияткерлік мектеп базасында концерт берді. Жас өнерпаздар ерекше музыкалық номерлер дайындап, көрермендерге риясыз көңіл-күй сыйлады.

«Мақта қыз бен мысық» ертегісін шебер сомдап, жоғары актерлік қабілеттерін байқатты. Сондай-ақ, талантты өрендер заманауи би, түрлі жанрдағы әндер орындап, қазақтың қара домбырасында күмбірлеген күй шертті.

Айта кетейік, интернат тәрбиеленушілері бүгінде республикалық, облыстық деңгейдегі байқауларда өнерлерін паш етіп келеді. NIS достарын да үнемі музыкалық бағдарламамен қуантып келеді.

«Біздің білім беру ұйымы 2012 жылы ашылған. Қазіргі таңда 79 бала білім алуда, оның 8-і зағип жандар. Балаларымыз арнайы брайль жүйесі бойынша оқытылады. Білімімен қатар балалардың бойында шығармашылық қабілеттерн арттырып, өнерге баулып келеміз», – дейді №5 мектеп-интернат директоры Жамбул Ахметов.

Шара соңында Зияткерлік мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов оқушылардың шығармашылығына алғысын білдіріп, сәттілік тіледі. Ата-аналардың көмегімен дайындалған арнайы сыйлықтар үлестіріп, кітапхана қорына жаңа туындылар сыйға тартты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<