Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты, Серік Егізбаев Самарқанд ауылындағы жаңадан ашылған амбулаторияның қызметімен танысты.
Сол жерде медицина саласында 51 жыл бойы адал еңбек етіп келе жатқан Жұмакүл Әшімқызы Әлкееваның осы күнге дейін ешқандай марапат алмағанын естіген депутат бұл жайтқа бей-жай қарай алмады. Таңданысын жасырмай, құрмет көрсету бастамасын өз қолына алды.
Сол сәтте Жұмакүл Әшімқызы партия бастамаларына қолдау білдіріп, «Ауыл» партиясына мүше болуға ниет білдірді. С.Егізбаев оны сол жерде партия қатарына қабылдады.
Арада бір күн өтпей-ақ, Серік Егізбаевтың ұсынысы және ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарованың тікелей және пәрменді қолдауының нәтижесінде Жұмакүл Әшімқызына «Еңбек ардагері» медалі табысталды.
Бұл — уақытында көрсетілген шынайы алғыс пен адал еңбекке берілген лайықты бағаның айқын көрінісі.






