72 жастағы қызылордалық Айтан Қыдырбаева бес жылдан бері жаяу жүруді әдетке айналдырған.
Ол Сырдария ауданының Сәкен Сейфуллин ауылында тұрады. Қырық жылдан астам уақыт ауыл балаларына білім мен тәрбие беріп, беріде зейнетке шықты. Ал бес жыл бұрын жаяу жүруді бастады.
Алғашқы кезде жұрттан ұялып, жолдасым екеуміз ауылдың сырт жағына қарай жүретінбіз. Кейін «несіне ұяламын?» деп бағытымды ауылдың үлкен көшесінен көрші ауылға қарай ауыстырдым. Одан аудан орталығына дейін создым, – деді кейіпкеріміз.
Айтан Қыдырбаева таңертең ұйқыдан ояна салысымен жүгірмейді. Алдымен су ішіп алып, сосын жаттығу жасайды. Мұны жүгіру алдындағы дайындық деуге болады. Білім саласының ардагері жүрген жерінде жақсы әдеттің пайдасы жайында жиі айтады. Оны өзі де өз басынан біледі.

Денсаулыққа көп пайдасы бар екеніне көзім жетті. Мысалы, мені қан қысымы, созылмалы демікпе, өт жолы ауруы мазалайтын. Қазір, шүкір, көп тірлік жасап қойғанда болмаса ауырмаймын, – деді Айтан Қыдырбаева.
Оған еріп жаяу жаяу жүретіндер қатары біртіндеп көбейіп келеді. Күнделікті серігіне айналған Айман Қалдығараева екеуі тәулігіне 8-10 шақырым шамасындағы жолды артта қалдырады.
Қазір жолдасым да жаяу жүруге қайтадан машықтанып жүр. Ол күніне 4-5 мың қадам жасайды. Немерем де атасынан қалмай ізінде жүреді, – деді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, жүйелі түрде жаяу жүру, жүгіру қан қысымын қалыпқа келтіріп, қан тамырларының тонусын арттырады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<