97 пайыздан астам ауыл әкімдері сайлау арқылы тағайындалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елде ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілді. 2021-2024 жылдары 2 641 әкім сайланды. Олардың 70 пайыздан астамы бұл лауазымға алғаш рет келді. Жалпы алғанда, 97 пайыздан астам ауыл әкімдері сайлау арқылы тағайындалды, — деді Бауыржан Омарбеков.
Бұдан бөлек, вице-министр Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Аманат» партиясы Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен қалалар, ауылдар мен кенттер әкімдерін қайта даярлау бағдарламасын әзірлегенін айтты.
— Бағдарламаның негізгі мақсаты — жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін тиімді шешу, әкімдердің кәсіби және басқарушылық құзыреттілігін арттыру арқылы өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар ауылдық округтердің экономикалық дамуының бағдарламаларын әзірлейді. Қазіргі уақытта бағдарлама аясында 17 өңірден 1 815 ауыл әкімі білім алып жатыр, — деді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<