«Жан Шуақ» сыйлығына үміткерлер – тағдырдың сынағына мойымай, ұлтжандылықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан қайсар жандар. «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында биыл 4 мың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандары мүгедектігі бар азаматтарға сай бейімделді.
Мәжілісте «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы жұмыс істеп жатыр. Құрамында Парламенттің 20-ға жуық депутаты бар. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде, тұрғын үй саясаты жөніндегі заңда ерекше күтімді қажет жандардың тұрғын үй алуына бірінші кезекте құқық беріледі. Сондай-ақ колледжде квота саны көбейді.
«Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының иегері Зәуре Өксімбаеваның еңбегі зор. Ол қоғамдық қызметтегі еңбегі үшін Иран Омарбеков атындағы қордың арнайы сыйлығымен марапатталды. Зәуре Өксімбаева Қызылорда өңірінде атқарылып жатқан, күрмеуі шешілген мәселелер жайында айтып берді.
– Қызылордада мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін шешу үшін еңбек етіп келе жатырмын. Өзім тағдырлас адамдардың мәселесін шешуге атсалысамын. Тұрмыстық мәселелерді шешу үшін WhatsApp-тан арнайы чат аштым. Көмек көрсетемін деген жомарт жандар әрдайым қол ұшын созады. Тұрғындар тұрмысқа қажетті киім-кешек, ыдыс-аяққа дейін өзінде артық заттарын осы чатқа жолдайды. Такси арқылы мұқтаж жандарға жеткізіп береміз. Баспана, жылу, медициналық көмекке мұқтаж замандастарымыз хабарласады.
Көктемде Атырауда су тасқыны болған кезде көмек керуені Қызылорда облысына келіп аялдады. Сол кезде әкімшілікпен бірлесіп, қайырымдылық керуеніне ас әзірлеп, гуманитарлық көмекті тасымалдаушыларға қолдау көрсеттік. Су тасқынынан зардап шеккен өңірге көмекке кетіп бара жатқан 114 адамға ыстық тамақ ұйымдастырдық.
Қызылорда облысының аудандарынан көмек сұрап хабарласатындар көп. Мүгедектер арбасы, балдақ сұрап хабарласады. Әлеуметтік желінің көмегімен дерегін нақтылап, көмек сұраған мұқтаж адамдарға волентерлердің көмегімен жеткіземін. Өңірде 500-ге жуық арбаны үлестірдік. Одан бөлек, емделуге мұқтаж адамға квота алып бердім. Үш рет күрделі ота жасалды. Біріншісінде жүрегіне стенд қойдырды. 1,5 миллион теңге көлемінде қаржыға күрделі ота жасалды. Екіншісінде өтіндегі тасты алдырды, үшіншісінде желкесіне операция жасады», – дейді Зәуре Балтабайқызы.
Қазіргі кезде баспаналы болуға түрлі бағдарламалар болғанымен, талабы көп. Шартын орындауға қаржы қолбайлау болып жатады. Баспана мәселесін шешу үшін де әкімдіктің табалдырығын тоздырып, пәтерге қол жеткізе алмай жүргендерге араша түскен.
«Бағдарлама талабы бойынша алғашқы жарна мен қосымша несиені төлей алатынымызды растайтын екі адам болуы керек. Менің мұндай мүмкіндігім болған жоқ. 12 жыл пәтер кезегінде тұрдым. Кезек жылжымайды. Себебі, 40 пәтер салғанымен, 12 категорияға бөлгенде 2-3 адам ғана баспаналы болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 51 адамға алғашқы жарнасыз баспана алуына көмектестім. Ол үшін облыс әкіміне алғысым шексіз.
Күнделікті тіршілікте коммуналдық мәселемен де хабарласатын адамдар бар. Көктемде Амангелді көшесінде орналасқан жаңа үйлер мүгедектерге берілді. Жаңа үйдің жылу жүйесі нашар болды. Тұрғындар пәтердің суық екенін айтты. Сондықтан әкімдікке шағымданып, екі дана әрқайсысы 1,5 миллион теңгеден тұратын қосымша қазандық алғыздым. Қазір тұрғындар жылы үйде отыр. Амангелді көшесіндегі үйлердің В, Б, Г блогында 20-25 жыл баспана кезегіне тұрып, баспанаға қол жеткізгендер тұрады.
Ел ішінде осындай мәселелер жеткілікті. Олардың жанайқайын шенеуніктерге жеткіземін. «Жан Шуақ» сыйлығының жеңімпазы болғанда қатты қуандым. «AMANAT» партиясына алғысым шексіз. 1 миллион теңге қаржылай сый берді. Қаржының бір бөлігіне 21 отбасына көмір сатып алдым (кейіпкеріміз көмірге төленген қаржының түбіртегін жолдады – ред.). Баспанасын жөндеу үшін қаржы сұрап отырған мұқтаж жандарға беремін», – дейді кейіпкерміз.
Тағдырластарының проблемасын шешуге белсенді атсалысып, қайырымдылық істе де қолғабыс етіп жүрген Зәуре Балтабайқызының еңбегі еленді. «Ерен еңбегі үшін», «Алтын жүрек» медалімен марапатталды. Әр жылдары қоғамдық жұмысқа атсалысқаны үшін алғысхаттармен марапатталды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<