Ақан Сатаев боксшы Серік Сәпиевтің рөлін ойнайтын актерді іздеп жатыр

211

0

Қазақстандық танымал режиссер Ақан Сатаев өзінің кезекті фильміне кастинг жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Режиссердің жаңа туындысы қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өміріне арналмақ.

«Сатайфильм» компаниясы «Боксшы» фильміне кастинг жариялайды. Басты рөлге Серік Сәпиевке ұқсайтын 18-29 жас аралығындағы жігіт іздейміз. Бокстасу және актерлік қабілеттері болса, құпталады», – деп жазды Ақан Сатаев Инстаграмдағы парақшасына.

Сондай-ақ, қосалқы рөлдерге 10-29 жас аралығындағы бокспен айналысатын балалар мен ерлер қажет. Ұлтқа қатысты шектеу жоқ.

Фотосурет пен барлық мәліметті casting_satai@mail.ru поштасына жіберу керек.

Ақан Сатаев – Қазақстандағы табысты режиссерлердің бірі. Ол сондай-ақ, актер,  сценарист және продюсер ретінде де белгілі. Қарағанды қаласының тумасы. 1994 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино және телевидение факультетін бітірген.

«Рэкетир», «Адасқандар», «Жаужүрек мың бала», «Хакер», «Ол» және «Томирис» секілді танымал фильмдерді түсірген. Ал жақында Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы» киноэпопеясының «Астана» атты бесінші бөлімін аяқтап, оны Мемлекет басшысы тамашалаған болатын.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<