Абай облысында 23 жастағы тұрғынды тасқын ағызып кеткен

669

0

Фото: видеодан алынған кадр

Абай облысы Үржар ауданында 23 жастағы азаматты тасқын ағызып кетті. Осылайша, суға кеткендер саны төрт адамға жетті. Құтқарушылар Аягөз ауданында ағып кеткен үш адамды да бір аптадан бері таба алар емес, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Суға кеткен малшы мен екі тракторшыны іздеуге иісшіл иттер мен Жетісудан келген құтқарушылар жұмылдырылды. Ал Үржар ауданындағы тасыған өзенге ағып кеткен азаматтың «өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін» деген болжам бар. Мамандардың айтуынша, ол денсаулығына байланысты медициналық есепте тұрған екен. Енді суға кеткен төрт адамды 80-ге жуық құтқарушы іздестіріп жатыр.

Өңірдегі екі елдімекеннің күре жолын қызыл су шайып, қатынас үзілген. Мамандар Бозай, Кіндікті ауылының тұрғындарына керек-жарақты тікұшақ және қайықпен тасымалдауға мәжбүр. Енді құтқарушылар Көкпекті, Бородулиха ауданын тәуілік бойы бақылауға алды. Өйткені қардың көбесі сөгіліп, өзендерде су деңгейі көтерілген.

«Қазір бар күш-құрал Көкпекті ауданына жұмылдырылған. 200-ден астам жеке құрам, 28 техника сол жерде жұмыс істеп жатыр», – деді Абай облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<