Абай облысында жоғалып кеткен 3 жасар бала айдаладан табылған (видео)

28

0

Фото: Абай облысы ПД

8 сәуір күні Ақсуат ауданында 3 жастағы бала байқатпай үйдің ауласынан шығып кетіп, жоғалып кеткен.

Таңертең ерте туыстары іздеуді бастап, шамамен сағат 11:00–де полицияға хабарласқан. Осы сәттен бастап барлық күштер дереу жұмылдырылды.

Бірнеше сағаттан кейін іздеу барысында атпен жүрген полиция қызметкері айдалада кішкентай баланың бейнесін байқайды — ол елді мекеннен алыс жерде жалғыз жүрген. Толқығанын жасыра алмаған полицей балаға: «Айналайын, келе ғой…» — деп тіл қатады.

— Сағат 14:00 шамасында бала елді мекеннен шамамен 3 шақырым жерден табылды. Бақытқа орай, ол аман-есен, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ — бала тек адасып кеткен. Бұл оқиға — уақыттың әр минуты маңызды екенін және үйлесімді әрекеттің маңызын еске салады. Кейде нағыз ғажайып — дер кезінде табылған бала, — дейді тәртіп сақшылары.

Өз кезегінде баланың анасы полицейге алғыс айтты.

— 8 сәуір күні мен үшін өмір тоқтап қалғандай болды. Мен сәбиімнің қайда екенін білмедім. Әр минут мен үшін шексіздікке айналды. Кенеттен — хабар келді: табылды. Тірі. Атқа мінген полиция қызметкері оны далада жалғыз жүрген жерінен тауыпты… Сол сәтте сіз тек бір баланы ғана емес — мені де өмірге қайта қайтардыңыз. Сіз менің баламды құтқардыңыз. Бұл — ғажайып. Аналық жүрегімнен шыққан алғысымды қабыл алыңыз, — дейді Ақсуат ауданының тұрғыны.

Айдалада жоғалып кеткен сәбиді Абай облысы Полиция департаменті Ақсуат ауданы полиция бөлімінің аға криминалисі полиция майоры Бақытбек Лиясканов тауып алған. Дегенмен, ол өзін батыр санамайтынын алға тартты. 

— Жүрегіммен оның дәл осы маңда екенін сездім. Мені не жетелегенін білмеймін… бірақ сол күш мені сәбидің жүрген жеріне алып келді. Мен өзімді батыр санамаймын — тек өз жұмысымды атқардым. Бірақ қатты уайымдадым… себебі мен де әкемін, — деді офицер.