Абай жаққан сәуле

362

0

 Абай ауылында №138 Абай атындағы орта мектепте облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырумен “Абай жаққан бір сәуле сөнбес үшін” атты әдеби-сазды кеш өтті. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай өткен кешке облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік  Дүйсенбаев, еңбек ардагері Сәпен Аңсатов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс, ауыл тұрғындары қатысты.
Шара ақынның табиғат лирикасына негізделген ерекше қойылымнан бастау алды. Мұнан соң меймандар ақын ұрпақтары жайындағы бұрышпен танысты.
Абай әлеміне саяхат жасау мұнымен толастамады. Әдеби кеш “Абай”  спектакліне ұласты. Одан әрі “Әжелер” ансамблі кештің көркін қыздырса, мектеп оқушылары Абай әндерінен шашу шашты. Жиылған көпшілікті оқушылардың үш тілде өлең оқып, қара сөздерді жатқа айтуы  айрықша күйге бөледі.
– Абай мұрасын насихаттау барысында түрлі іс-шаралар өтуде. Бүгінгі кеш ақынның өмірі мен шығармаларын жан-жақты қамтыған, тыңдарманның құлақ құрышын қандырған кеш болды. Өте жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, балалардың ақын өлеңдерін үш тілде айтуы мені қуантты. Жастарымызды осылай әдеби дүниелермен сусындатсақ жаман болмаймыз. Осындай әсерлі  кештің өтуіне атсалысқан мектеп ұжымына алғыс білдіремін, – деді ардагер С.Аңсатов.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<