Еліміздің өткен өміріне көз жіберер болсақ, екінші Дүниежүзілік соғыстың отты жолдары еске түсетіні белгілі. Бұл бүкіл халықтың басына туған қиын-қыстау кезең еді. Әйтсе де майдандағы жауынгерлер мен тылдағы еңбеккерлер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жауды жеңу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
Тылдағы еңбеккерлер жоғарыдан берілген жоспарды орындау жолында күні-түні аянбай тер төкті. Майдан мен тылдың бірдей қимыл-әрекеті, толассыз еңбегі Ұлы Жеңісті жақындатты. Сол бір қиын жылдардың ізі ел жадынан әлі күнге дейін өшкен жоқ. Соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ болмады. Майдан мен тыл деген тек атауы ғана өзгеше еді. Бірі – қолына мылтық ұстап соғысты, екіншісі – мылтықсыз майданда еңбек етті. Екеуі де жанкешті күрес болатын. Сондықтан да тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі зор. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, Отанға деген адалдық үлгісін көрсетті.
Осындай тыл ардагерлерінің бірі – Нұртай Штатбаев соғыстың қиын кезеңінде еңбектің ащы дәмін, заманының тауқыметін тартқан жан. Бұғанасы қатпаған жасөспірім тылдағы жұмысқа ерте араласты. Сұрапыл соғыс жүріп жатқан кезде 14 жастағы бозбала Жосалы теміржол бөлімшесіне жұмыс сұрап келеді.
Бөлімше бастығы арықша келген бозбаланы сынамақ болып:
– Егер шпалды көтерсең аламын, – дейді.
Бала Нұртай ауыр шпалды иығына қиналмай арта салады. Бұл оның еңбек жолының бастамасы болды. Теміржол рейстерін тексеруші болып орналасқан ол жұмысқа жауапкершілікпен кіріседі. Өйткені аз ғана ақаудың өзі талай өмірді жалмайтын апатқа алып келуі мүмкін еді. Бір жолы ол рельстегі жарықты дер кезінде анықтап, әскери құрамның апатқа ұшырауын болдырмады. Тағы бірде пойыздан түсіп қалған ауыр қорғасын шеңберін тауып, оны теміржол бойымен домалатып, депоға жеткізеді.
Жоғары жауапкершілігінің арқасында бір жылдың ішінде теміржол бақылаушысы болып жоғарылайды. 16 жасында ол құрамында қариялар мен әйелдер, қыздар бар бригаданы басқарады. Олардың еңбегі майданға азық-түлік, қару-жарақ, жаралыларды жеткізу ісінде аса маңызды болды.
Соғыстан кейін теміржолдан қол үзбеді. 1951 жылы Ақтөбе теміржол көлігі техникумының жанындағы техникалық мектепті бітіріп, білімін шыңдайды.
1951-1955 жылдары ол Орынбор теміржолының Ордазы балласт карьерінде жол бригадирі әрі тепловоз машинисі болып еңбек етті. Төзімділігі, тәртіптілігі мен техникаға жетіктігі оны үздік мамандардың қатарына қосты. 1954 жылы КСРО Көлік министрлігі тарапынан «Үздік теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды.
Ордазыдағы тиеу бекеттерінің бірінде Нұртай экскаватор машинисі Алексей Викторовичпен танысты. Бұл адам тек ұстаз ғана емес, жаңа өміржолының бастаушысы болды.
Оның басшылығымен алып экскаваторды меңгере бастайды. Техникаға деген қызығушылығы артып, әрбір механизмнің жұмыс істеу қағидасын терең зерттеді. 1954 жылы ол экскаватор машинисі мамандығын ресми түрде алып шығады.
1955 жылы Төретам аймағында Байқоңыр ғарыш айлағының құрылысы басталады. Бұл құрылысқа қажетті шағылтасы дәл осы Ордазы карьерінен жеткізіліп отырды. Нұртай сол тастарды тиеп, ауыр еңбек жағдайында шаң, ыстық пен тоқтаусыз жұмыс ауысымдарында міндетті абыроймен атқарды.
1955-1961 жылдары РСФСР-дің Чкалов облысы Павлов ауданындағы Каргалин машиналар мен тракторлар станциясында (МТС) экскаватор машинисі болып еңбек етті. Кейіннен Ордазы карьеріндегі №01086 әскери бөлімде қызметін жалғастырды. Оның техникалық білімі мен тәжірибесі әрдайым жоғары бағаланды.
1961 жылы «Қызылордаводстрой» тресінің Қармақшы экскаватор бөлімшесінің ПМК-30-ында аға экскаватор машинисі қызметіне ауысты. Ол кезде елде суармалы егіншілікті, күріш және мал шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін арттыру міндеттері қойылған болатын. Экскаваторшы мамандар қатты тапшы еді. Облыстық және аудандық газеттерде жастарды жаңа мамандықтарды меңгеруге шақырған хабарландырулар көптеп жарияланды. Осындай күрделі кезеңде Нұртай Штатбаев көмекке келді.
ПМК-30 ұжымы суару каналдарын қазып, жерді мелиорациялап, егістік алқаптарын тегістеумен айналысты.
Жұмыс ең ауыр жағдайларда – аптап ыстықта да, сары аязда да, үйден алыс шалғайда жүргізілді. Ол ешқашан сағат санамады, ауа райының қиындықтарына мойымады. Э-652, Э-1252, Э-10011 экскаваторларын, Д-130 бульдозерлерін, скреперлерді шебер басқарды. Әсіресе, жүк арқалаған драглайн экскаваторларымен жұмыс істеуде шеберлік танытты. Мұндай техниканы жүргізу үшін ерекше сезімталдық, дәл есеп пен шеберлік қажет еді. Өзінің білгенін кейінгі буынға үйретіп, ұстаз болды. Кадрлардың маңыздылығын терең түсініп, алғашқы бригадасын құрды. Оның құрамында Өтеш Құдайбергенов, Қазақбай Құрғанбаев және басқа да жас мамандар болды. 20-дан астам шәкірті Нұртай Штатбаевтың шеберлік мектебінен өтіп, ауыр техникамен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді.
Оның ұлдары Ақылбек пен Бердібек те әке жолын қуып, экскаваторшы мамандығын игерді, жоғары шеберлікке қол жеткізіп, отбасы дәстүрін лайықты жалғастырды.
Жанқиярлық және жемісті еңбегі, жұмысқа адал көзқарасы, Қызылорда өңірі мен еліміздің халық шаруашылығының дамуына қосқан елеулі үлесі, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі тәлімгерлік еңбегі және ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін Нұртай Штатбаев КСРО мен Қазақ КСР-нің жоғары мемлекеттік наградаларымен марапатталды. «Құрмет белгісі» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін «облыстың үздік құрылысшысы» атағын иеленді.
1991 жылдың қазан айында құрметті еңбек демалысына шыққан соң бір жылдан кейін 63 жасында өмірден өтті. Жұбайы Жібек Қарықызымен бірге бес бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың ұрпағын 14 немере мен 27 шөбере жалғастырып отыр.
Ол шәкірттерімен бірге жүргізген каналдар бүгінгі күнге дейін Қызылорда өңірінің егін алқаптарын сумен қамтамасыз етіп, маңдай термен жасалған еңбектің жемісі болып келеді. Нұртай Штатбаевтың өміржолы – еңбекке адалдықтың, шеберліктің, тәлімгерліктің және туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





