Осыдан тура төрт жыл бұрын Президент Жарлығымен өңір басшысы болып Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев тағайындалды. Облыс әкімі ретінде келген күннен «осы өңірдің перзенті ретінде оның болашағы мен дамуына қалай үлес қоса аламын?» деген ойдың жетегінде жүрді.
Алдына үлкен мақсаттар қойды. Өйткені, адам үлкен мақсаттардың жолында жүргендіктен үлкен істерді атқара алады. Биік мақсатшыл адам ғана биік шыңдарға көз тігу арқылы жоғары өрлейді, жұртты соңынан ерте алады. Оған талпыну арқылы өз өмірін баянды етуге күш салады. Және ол адамның өз шамасын нақты білуі шарт. Қазақ айтқандай, «көтере алмас шоқпарды белге байламас» болар. Оның кейбір идеяларын қиял ғой деп көретін жағдайда да болдық. Кейбір мәселелерді армандауды да қоя бастағанбыз. Дегенмен, облыс әкімі ретінде әрбір нәтиже – басындағы ниетке байланысты екенін дәлелдеді. Яғни, сол кезде шынайы ниетімен болашағымыздың мәнді болуына күш салды. Болашақтың мәні келешек ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, ең басты байлығымыз – адам капиталына басымдық берді.
Адам капиталы – адамның білімі, дағдылары, тәжірибесі мен денсаулығы арқылы экономикалық өсуге жетелейтін басты фактор. Бұның барлығының негізі жас кезде қаланады. Бұл құндылықтар туралы оң түсініктер жас кезде қалыптаспаса, онда өмір бойы ол адамның өз мүмкіндігі туралы ұстанымы да дұрыс бола қоймайды. 2022-2026 жылдар аралығында адам капиталын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанына баршамыз куәміз. Алдымен, бұл бағытта терең сараптама жасалып, қаржы көздері тексеріліп, заңсыздықтардың жолы кесіліп, үнемделген қаржылар барша адамдардың игілігі үшін қайта жұмсалуда.
Содан бері өңірімізде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен адам капиталының басты көрсеткіші – білім саласында ауқымды жобалар мен тың бастамалар іске асып келеді. Білім беру саласына 2022-2025 жылдары 1 трлн 159 млрд теңге бөлінді. Биыл 302 млрд 196 млн теңге қаралды.
2022 жылдан бері өңірімізде жаңа заманауи 43 білім беру нысаны салынды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп салынды. Ерекше бір айта кететіні, жай мектептің қаржысына «келешек мектептің» үлгісінде мектеп салу болды. Онымен оқу-ағарту министрі арнайы келіп танысып, республикаға тарататын болды.
2023 жылдан бастап 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат салып, үш ауысымдық оқу түбегейлі шешілді.
«Білімді қолдау қоры» арқылы 8 млрд 400 млн теңгеге физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты мен 2 млрд 333 млн теңгеге Арал ауданы Мергенсай елді мекенінен 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Демеушілер есебінен Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апаттық мектептің орнына құны 500 млн теңге болатын жаңадан білім ордасы салынып, тұрғындар шексіз алғысын білдірді.
2022-2024 жылдары 5 млрд 300 млн теңгеге 15 мектептің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 2 млрд 700 млн теңге бөлініп, 317 пәндік кабинеттер жаңартылды.
Президентіміздің тікелей бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен аймағымызда 16 млрд 851 млн теңгеге әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асты. Оның ішінде өңіріміздің білім беру саласын қолдау, ауыл мектептерінің базасын нығайту мақсатында 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді (5 млрд 89 млн теңге).
Балалардың қосымша білім беру жүйесін дамытуға айрықша мән берілді. 11 млрд теңгеге балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы, 3 млрд теңгеден астам қаржыға Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен «Өнер» мектептері салынды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы» ашылды. 4 млрд 800 млн теңгеге музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы салынып, ел игілігіне табысталды.
Президент саябағында 10 млрд теңгеге үздіксіз жұмыс жасайтын 300 орындық заманауи балалар тынығу лагерінің құрылысы аяқталуға жақын. Саябақта 5 млрд теңгеге Ботаникалық білім беру орталығының да (қысқы бақ) ғимараты салынуда.
Республика бойынша алғаш рет «Құзыреттілік орталығы» бой көтерді. Орталық бизнес пен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған жастардың жұмысшы кәсібіне деген қызығушылығын арттыру жөніндегі бірыңғай жаттығу базасына айналады.
Нұрлыбек Машбекұлы Жоғары білімді мамандар даярлау ісіне көңіл бөліп келеді. 2023 жылы аймақ басшысы облыстың делегациясын бастап Оңтүстік Кореяға барып, Кореяның СеулТех ұлттық университетімен білім, ғылым саласында тиімді байланыстар орнатылды. Нәтижесінде Қорқыт ата университетінде Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен (SeoulTech) бірлесіп, Қазақстандағы алғашқы Жасанды интеллект институты ашылды.
Қорыта айтқанда, облыс басшысының тек бір ғана білім саласына деген ниетінің нәтижесі жұрттың ертеңге деген сенімін арттыруда. Осындайда кезінде Демокриттің « Адамды оның істеген істеріне ғана қарап емес, сонымен бірге ізгілікке ұмтылған ниетіне де қарай бағалау керек» деген сөзімен әбден келісеміз. Бұдан әрі де әрқайсысымыз жасалғанның қадірін түсініп, оңтайлы пайдаланып, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірлесіп ел дамуына үлес қосу арқылы, жаңа белестерді игере беруге тиіспіз.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қорқыт ата университетінің басқарма төрағасы-ректоры





