Таяу Шығыс және Африкада адамдарды сатумен айналысатын ұйымдар әлемдегі ең ірі әлеуметтік желілердің бірі және онымен тығыз байланысты мессенджерді қолданады, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі korrespondent.net басылымына сілтеме жасап.
Халықаралық миграция жөніндегі ұйымның (ХМҰ) баспасөз хатшысы Леонард Дойл 5 сәуірде Таяу Шығыс және Африкада адамдарды заңсыз тасымалдайтындар Facebook әлеуметтік желісін және онымен байланысты WhatsApp мессенджерін пайдаланатынын мәлімдеді.
Дойлдың айтуынша, олар адамдарды сатып алатын потенциалды клиенттермен хабарласу және мигранттарды тасымалдайтын рейстерді ұйымдастыру үшін аталған желі мен мессенджерді қолданады.
Ұйым өкілінің мәліметіне сүйенсек, іс жүзінде қылмыскерлер мигранттарды пайдаланады. Оларды қорлап, кепілдікке алады. Содан кейін туыстарынан ақша бопсалайды.
Заңсыз әрекет етушілер үшін Facebook өте қолайлы болып тұр. Сондықтан Дойл америкалық компанияға осы мәселені қолға алып, қылмыскерлерді блокқа қоюды сұрады. Ол әлеуметтік желінің басшылығынан «Ислам мемлекеті» секілді экстремистік бағыттағы ұйымдарға қолданған шараны адамдарды заңсыз тасымалдаушыларға қатысты қолдануды өтінді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<