Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлының «Ұстаз ұлағаты» және «Ғазиз жүрек» атты қос кітабы оқырманға жол тартты.
«Ұстаз ұлағаты» кітабында автор әдебиет теоретигі академик Зейнулла Қабдоловтың әдебиет теориясы, оның ең бір нәзік тұстары туралы айтқан толғаулы пікірлерін талдайды. З.Қабдоловтың адами қасиеттерін жан-жақты аша отырып, шығармашылық, ғалымдық портретін жасап, қазақ әдебиет тануындағы Қабдолов тану мәселесіне сүбелі үлес қосқан.
«Ғазиз жүрек» кітабында автордың кісілік қарым-қатынас, достық пен сүйіспеншілік, қуаныш пен қайғы, жеңіс пен жеңіліс туралы эссе-толғаныстары, ғылыми мақалалары жинақталған. Сонымен бірге сүйген жары Салтанат Арон-Рашитқызының күнделік-жазбалары, Бағдат Кәрібозұлы туралы әр жылдары жазылған достары, әріптестері, бауырлары мен шәкірттерінің естелік-эсселері енгізілген.
Сөздің қуаты, естелік-эсселердің құндылығы сонда оқырман шынайы сезімдер мен ой-пікірлердің шымырлығына куә болады. Әрбір оқырманның жүрегіне жол тауып, рухани серпіліс берер бұл кітап адамзат баласы үшін мәңгілік құндылық болып саналатын адамгершілік пен парасаттылықты, ізеттілік пен ізгілікті насихаттайды.
Қос кітап та әдебиеттану салаларының зерттеушілеріне, жалпы оқырман қауымға арналған.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





