Адамзат баласы үшін рухани дүниетаным тақырыбы ортақ

843

0

Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Сұлтанәлі Балғабаев өзіміздің Сыр өңірі, Мұстафа Шоқай ауылының тумасы.

Ол қазақ драматургиясына «Қыз жиырмаға толғанда», «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз», «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар» «Сағыныш пен елес», «Өтірік айтпайтын адам», «Қызылорданың қыздары», «Жымбала, Мико және қасқыр», «Енелер мен келіндер», «Мәңгілік өмір – махаббат», «Бағаналы батыр Тауасар» пьесаларымен танымал. Бұл шығармалары еліміздегі қазақ театрларында сан рет сахналанған. Сондай-ақ орыс, ұйғыр және көршілес елдердегі өзбек, қырғыз, қарақалпақ театрларында да көрерменмен жүздескен. Кейінгі жылдары қаламгер «Сағындым сені», «Қыл үстіндегі ғұмыр», «Құдағилар хикаясы» және басқа да драмалық шығармалар жазған. Бұл пьесалары кезінде «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз» деген атпен екі рет жеке жинақ болып жарық көрген.

С.Балғабаев «Тұңғыш», «Жұлдызың жансын!», «Алтын сағым», «Құм мен қызғалдақ», «Шөл», «Дала мен дария», «Сыр мен Сарысу», «Ғажайып көктем», «Қазақтың қызыл кітабы» және орыс тілде жарық көрген «Красная гармонь» атты прозалық кітаптардың авторы. Бұл кітаптағы повестер мен әңгімелер кейін қаламгердің мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Сыр мен Сарысу», «Алтын сағым», «Ауыл мен Алматы» атты үш томдық таңдамалы жинағына енген. Үш томдық жинақтағы шығармалардың бәрі қаламгердің туып-өскен жері Сыр бойы мен Сарысу бойындағы сан қырлы тағдыры бар кейіпкерлердің тыныс-тіршілігін көрсетуге арналған.

Жазушы жиырма жылдан бері Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында ұстаз, кинотеледраматургия мамандығы бойынша курс жетекшісі, профессор.

Қаламгер жақында ғана  Қызылорданың 100 жылдық мерекесіне арнайы шақыртумен келіп қатысқан. Міне, осы тарихи маңызды мерекелер тоғысында жазушы  ағамызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Сәлеметсіз бе, Сұлтанәлі аға! Сіз қазақ әдебиетіне жазушы, дра­ма­тург ретінде танылдыңыз. Жалпы драма жанрының өзгешелігі неде?

– Драма – кез келген халықтың ұлт болып қалыптасуына ерекше әсер ететін өнердің ерекше түрі, оның тари­хы мыңдаған жылдың ар­жа­ғын­дағы рим, грек заманынан баста­лады. Бұл жанрдың қасиеті сол, ұлт­ты тікелей қалыптастыруға әсер ете­тін күші бар. Мен 80-жыл­дар­дан бас­тап Алматыдағы қазіргі Ғ.Мү­сірепов атын­дағы театрда әдебиет бөлімінің меңге­рушісі болып жұмыс істедім. Қиын кез болатын. Халық өз ана тілі­нен безініп, мәселенің шиеленісіп тұр­ған шағы еді. Мысалы, Алматыда бір-екі ғана қазақ мектебі болды.

Осы кезеңде еліміздегі қазақ театр­лары ұлт болып аман қалуымызға үл­кен әсер етті. Олай дейтінім, гас­трольдік сапармен елді аралаған уақы­тымызда халықтың театрға деген ын­тасы ерекше болды. Мысалы, кітап оқы­ғанда, кино көргенде адамның ал­ған әсері байқала бермейді. Ал театр­да басқаша, спектакльде халық сахнада болып жатқан оқиғаны тура шын өмірдегідей қабылдайтын. Оған бір мысал айтайын, бір күні біздің театр менің «Ең әдемі келіншек» дей­тін пьесамды гастрольдік сапар­мен бір алыс ауылға апарып көрсе­теді.  Спек­такльдегі отбасында тұрақ­сыз жағым­сыз бір рөлді Тұрсын дейтін актер орындайтын. Содан спек­такль біткесін екі-үш әйел актер­лердің бөлмесіне кі­ріп келіп, әлгі Тұрсынға «Әй, сен, қан­дай нашар жігітсің, отбасыңда тұ­рақсыз болып, қайдағы жеңіл жүрісті біреуге неге қырындайсың?» деп жан-жа­ғынан жабыла кетіпті. Ал Тұр­сын болса «Ау, ағайын, бұл менің пье­са­дағы кейіпкерім ғой, мен соның рөлін орындадым. Ал шынайы өмірде өз отбасым, заңды некедегі әйелім, үш-төрт балам бар» деп шыр-пыр бо­лып әрең құтылыпты, яғни ол кезде кө­рермен театрдағы спектакльдерді шы­найы өмірде болып жатқандай қа­был­дап, ерекше тебіреніспен көретін.

Иә, адам баласы жақсылықты қа­былдап, жамандықтан қалай безіну ке­рек, осыған келгенде, театр – үлкен тәрбие ошағы.

– Шығармашылық адамы ретін­де қазір сізді қандай тақырып тол­ған­дырады?

– Жалпы, өткенмен салыстырып қарасақ, бүгінде елдің жағдайы жақ­сы. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк. Адам баласы үшін материалдық қажет­ті­ліктің бәрі қолжетімді. Алайда ащы шындықты айтар болсақ, дәл осы күні қазақ халқының моральдық бұзылуы өмірі болмаған деңгейге жетті. Айтуға адамның аузы бармайтын сұмдық жағдайлар орын алып жатыр. Неге бұлай? Адамның бір-біріне деген ме­йірімі азайып, керісінше, озбырлық, қатыгездік белең алып барады. Мені осы мәселе қатты алаңдатады.

«Қазақ ондай болған, мұндай бол­ған» деп жалған мақтангершілікке са­лынып, жағдайды жасырып, жабудың қажеті жоқ. Қайта театр болсын, кино болсын, теріс жолға түсіп бара жатқан жұрттың бетін бері бұрып, жылылыққа жетелеп, адалдық, адамгершілік қа­сиетін оятуға күш салуы керек. Әсіресе, театрлар қоғамдағы моральдық мәсе­лелерді қозғап, осы тақырыптарға кө­бірек барғаны жөн.

Қазақты әу бастан тәрбиелеген ауыз әдебиеті, жыр-дастаны, ән-күйі. Ай­талық, қазір әлем сахнасын жау­лаған қазақтың қаршадай ұлы Ди­маш­тың талантын, өнерін көргенде кеудемізді мақтаныш кернеп, марқайып қаламыз. Әсіресе, оның халықшыл, отаншыл се­зімін көргенде, еріксіз көзге жас келеді.  Әншілігін былай қойғанда, ол әлемді қазақ тілінде сөйлетті. Қазақтың қара домбырасын дүниежүзіне әйгілеп, Ән­ұранымызды шырқап, әлемдік аренада ел мәртебесін аспандатып жүр. Өнерге шын берілген адам осылай, оның қадір-қасиетін қоса алып жүруі керек.

– Драма басқа жанрларға қара­ғанда, күрделірек секілді көрінеді. Сондықтан бұл жанрға қалам тар­тып жүргендер көп емес шығар?

– Орынды сұрақ қойып отырсың. Дегенмен драмаға қалам тартып жүр­гендер қазір аз деп айта алмаймыз. Ке­рісінше, бұл жанрға кездейсоқ ке­лушілер көбейіп тұр. Мен бірнеше жыл­дан бері ҚР Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің жанындағы Театр істері жөніндегі көркемдік кеңестің мү­шесімін. Осы тұрғыдан айтқанда, ке­ңестің қарауына  ұсынылатын пьеса­лардың дені талап деңгейіне сай кел­мейді. Тек диалогты құрастырып дра­ма жазам деу үлкен қателік. Ең бас­тысы, шығармада шындық болуы шарт. Онда қозғалған тақырып көріп отырған әрбір адамға әсер етіп, ой салуы керек. Театр осы уақыттың өзек­ті тақырыбын көтеріп, халықты тол­қытып, толғандыра білуі керек.

Тарихи тақырыптағы драмалар кө­бейді. Алайда бұл тақырыпты кітап­тан оқуға, кинодан көруге болады ғой. Елдің алдына шығып, ұзын-сонар ше­жірені айтудың қажеті бар ма? Өзім солай ойлаймын. Тағы бір мәселе, қа­зір әзіл-сықақ театрлары баршылық, бірақ репертуарлары өте жұтаң. Бізге жеңіл-желпі күлкі керек емес, әзілдің ар жағында астарлы ой айтылуы тиіс. Әрбір қойылымның адам жанын тәр­биелейтін тобықтай түйіні болуы шарт.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі кезеңде Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жастар театрында Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» пьесасы  қойылды. Онда 30-жылдардағы ашар­шылық көрсетілетін, яғни бұл жағдай қазақ халқының жақында ғана басынан өткерген Желтоқсан оқиғасына өте жақын, ұқсас еді. Соған орай бұл спек­такльге көрерменнің ықыласы ерекше болды, әр қойылымға халық қаптап келіп, сыймағандары  театрдың  есігін  сындырып кете жаздайтын. Бүгінгі театрлар да елдің жүрегіндегі осындай тақырыптарды қозғай білсе дейміз.

Сөз реті келгенде айта кетейік, кез келген қаламгер жақсы драматург бо­лып қалыптасуы үшін ең алдымен режиссермен шығармашылық байла­ныста тығыз жұмыс істей білуі керек. Бұл өз басымнан өткен жағдай. Шы­нымды айтсам, отыз жастан асқан­ша пьеса жазып, драматург боламын деп мүлде ойлаған жоқ едім. Бұған де­йін негізінен проза жазумен ай­на­лыстым. Сөйтіп жүргенде бір күні ға­йыптан тайып жастар театрынан Тө­лен Әбдіковтің «Біз үшеу едік» дей­тін пьесасы бойынша сахналанған спек­такльді көрдім. Бұл қойылым маған ерекше әсер етті, сөйтіп «мен де неге осындай  пьеса жазбаймын» деген қиял­ға берілдім. Бірақ драматургия жан­рындағы шығарманы қалай жазуға болатынын білмейтін едім. Содан жар­ты жылдан астам уақыт кітап­ханаларға барып орысша, қазақша пьесаларды үзбей оқумен болдым. Содан біртін­деп қиялдағы оқиғаны драмаға ай­нал­дырып, қағазға қалай түсіруге бола­тынын ептеп түсіне бастадым. Сөйтіп  өмірімде бірінші рет «Қыз жиырмаға толғанда» деген пьеса жазып, сол кездегі Мәдениет министрлігінің ре­пертуарлық-редакциялық коллегия­сы­на өткіздім. Шынымды айтсам, ол кезде бұл пьесамды біреу керек ете­ді, сахнаға шығарады деген үміт те, ой да қаперіме кірмеген. Бірақ бұл шы­ғармамды күтпеген жерден сол кез­дегі Ғ.Мүсірепов атындағы жастар теат­рының көркемдік жетекшісі әрі ди­ректоры, Қазақстанның Халық ар­тисі Райымбек Сейтметов театр репер­туартына қабылдады. Оған ілесе өзім де көп ұзамай осы театрға жұмысқа келдім. Сондықтан драматург ретін­дегі  ең бірінші ұстазым Райымбек Се­йт­метов деп есептеймін. Осыған орай бұл театрдан ұзақ жылдан бері шығармашылық байланысымды үзген емеспін. Осы жастар театрында ұзын саны сегіз-тоғыздай пьесам жарық көрді.

Бұл саладағы екінші бір ұстазым осы Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы театрдың ұзақ жыл бас ре­жиссері, көркемдік жетекшісі болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Хұсейін Әмір-Темір. Соған орай бұл театрда да бірнеше пьесам сәтті сах­наланды.

Қазіргі атақты режиссерлердің бі­рі – шығармашылық жолын осы Қы­зыл­орда театрында бастаған  Әу­бә­кір Рахимов. Ол кейінгі ұзақ жыл­дарда  Ал­матыдағы М.Әуезов атындағы театр­да жұмыс істейді. Біраз жыл шы­ғар­­ма­шылық тығыз байланыста болып, нәти­жесінде еліміздің ең атақты теат­рында «Сағыныш пен елес», «Ға­шықсыз ғасыр», «Тойдан қайт­қан қа­зақтар» атты пьесаларым сахна­ланды. Өз ойымша драматург пен режиссер тығыз байланыста жұмыс істей білсе,  жақсы же­тістік­терге же­туге болады.

Бүгінгідей әңгімеде театрлардың жұмысы жөнінде де бір-екі ауыз  сөз айта кеткеніміз жөн. Бұрын театрлар жаз бойы гастрольге шығып, елді ара­лайтын. Байқасаңыз, қазіргі театр­лар гастрольге шыға бермейді, көрер­мен бар ма, жоқ па, оған да аса мән бер­мейді. Тек жоспарға сай бөлін­ген қар­жыға  бірнеше қойылымды сах­налап шықса болды. Сосын толып жатқан фестиваль. Оған қарсы­лығым жоқ. Мысалы жақында ғана осы Н.Беке­жанов атындағы театр халық­аралық фестивальде бас жүлдені жеңіп алды. Оған бәріміз де қуаныштымыз. Бірақ театрдың ең басты міндеті фестивальге қатысу, бәйге алу емес, керісінше, өмір­ге ықпал ету, қоғамның, тіршіліктің өзекті тақырыбын көтеру, сол арқылы адам жанын тәрбиелеу. Халықты ба­рын­ша  қызықтырып, әр қо­йылымға көптеп тарту. Соған орай билетті мүмкін болғанша, қымбатқа өткізіп, белгілі бір мөлшерде нақты қаржы да табу. Дүниежүзіндегі өрке­ниетті елдердің бәрінде театрлар осылай жұмыс істейді. Оларға нақты қатаң талап қойылады. Мы­салы, Алматыға Ресейдің Мәскеу мен басқа қалаларынан түрлі орыс  театр­лары гастрольдік сапармен жиі келіп тұрады. Міне, осы театрлардың кез келгенінің билеттері он мың теңгеден басталып, елу мың, кейде одан да қым­бат болады. Бірақ билеттің құны­ның осынша қымбаттығына қара­мас­­тан алматылықтар ол қойылым­дарға таласып-тармасып, қаптап барып жа­тады. Ал біздің өзіміздің театр­ла­ры­мызда  билет құны көп жағ­дайда  бір мың, асып кетсе екі мың теңге көле­­мінде. Соның өзіне халық бара бермейді. Неге бармай­ды? Мәселе осын­да. Ақшасы жоқтан емес, қызы­ғушылығы жоқ. Сондықтан театрларға ізденіс керек. Тек Үкіметтің ақшасын игеріп, фестивальден фестивальге жү­­ру дұрыс емес. Үкіметтен қанша қа­ра­жат алса, соның қайтарымы болуы тиіс. Мұны айтып отырған се­бебім, өнер­дің құнын түсірмеу керек. Өнердің қай түрі болсын, ла­йықты бағалануы тиіс. Қазір кейбір театр­ларды ұстап тұрған директор да, ре­жиссер де емес,  ел жағалап, мек­теп­тер мен түрлі оқу орындарының табал­дырығын тозды­рып, көрерменді ұйымдастырып әкеле­тін адми­нистра­торлар болып тұрғанын жасырмаған жөн.

Көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер». Сол себепті драматургия саласын кім көрінген ер­мек қылмай, бұл салаға терең біліммен, табиғи талантпен келуі керек.

– Қызылорда қаласының елі­міздің астанасы болғанына жүз жыл. Осы кезеңде ұлтымызға «Қа­зақ» атының қайтарылуы ел тари­хындағы ерекше маңызды оқиға. Осы туралы айтсаңыз.

– Иә, шынында ел тарихындағы ең бір саяси мәні жоғары оқиға. Осы­ған орай Қызылордада екі күнге со­зылған үлкен мерекелік іс-шара­ның өткені баршаға мәлім. Мен де бұл іс-шараға ресми шақыру алып, екі күнге созылған мерекені басынан аяғы­­на дейін тамашаладым. Барынша сәтті өтті. Келген қонақтардың бәрі түн ұйқысын төрт бөліп жүріп ұйым­дастырған азаматтарға риза болды. Біз алыста жүрсек те, туған жеріміз – Сыр бойының әрқашан да осындай табыстарға жетіп, биік белестерден көріне беруіне тілектеспіз.

Осы орайда айта кетейін, қайсыбір жылдары Қызылорда қаласының атын өзгерту туралы әңгіме қозғалды. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Неге? Өйт­кені мемлекет тарихында Қызыл­орда 1925-1929 жылдары Қазақ АКСР-нің астанасы болды. Сол 1925 жылы Қазақ АКСР кеңестерінің V съезінде осыған дейін «киргиз» аталып келген ұлтымызға «Қазақ» атауы қайтарылды. Ұлт руханияты осы жерден бастау алды десек қателеспейміз. Әдебиет, мә­дениет, оқу-ағартушылық сала өр­кен­деді.

Алашқа жан-тәнімен қызмет етіп, қазақ руханиятын қалыптастырған  Мір­жақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанбек Қо­жанов, Темірбек Жүргенов сынды аза­маттардың Қызылордада ізі қалды.

Қазақтың тұңғыш кәсіби театры да осында шаңырақ көтерді.Театр­­дың қа­­лыптасуына Серке Қожамқұлов, Қа­либек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков секілді қа­зақ өнерінің тарландары еңбек сіңір­ген. Бұл күнде Сыр өнерінің қара­ша­­ңыра­ғына айналып отырған Н.Бе­ке­жан­ов атындағы облыстық дра­ма теат­рдың негізі қаланды.

Қызылордада Жастар театры шаңы­рақ көтеріп, бүгінде шығармашы­лы­ғымен танылып келеді. Осыдан бір­неше жыл бұрын осы театрға арнап «Қы­зылорданың қыздары» деген пьеса жаздым. Ол пьеса театрдың алғашқы қойылымдарының бірі болды. Режис­сері әрі көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов. Жастар өмірінен сыр шертетін қызықты қойылымды кө­рер­мен жылы қабылдады. Қазір де бай­қап жүрмін, Жастар театрының ре­пертуары жақсы, келешегінен көп үміт күтуге болады.

Сосын менің шығармашылық жол­ды таңдауыма  «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») басылымының әсері өте үлкен болды. Сол уақыттағы Қа­зақстан Жазушылар одағының Қы­зыл­ордадағы өкілі Асқар Тоқмағам­бетовтің жұмыс кабинеті осы «Ленин жолы» газетінінің ғимаратында еді, Қомшабай Сүйеніш сынды белгілі ақындар да осы газетте қызмет ететін. Мектеп бітіретін жылы алғашқы жаз­ған-сызған өлеңдерімді алып Ас­қар Тоқмағамбетовке келдім. Ол кісі асық­пай қарап алды да, Қом­шабай аға­мызды шақырып, өлең­дерімді га­зетке беруді тапсырды. Осылайша ай­тулы ақындардың қол­дауы шығар­ма­шылығыма жол ашып берді. Соған қатысты мына бір оқиғаны айтып берейін.

Бала күнімнен бастап ақын-жазушы болуды армандадым. Бірақ бұл са­ланы жақсы игеру үшін сол кездегі Қазақ университетінің журналистика факультетін бітіру керек деген түсінік бар еді. Бұл факультетке түсу үшін мін­детті  түрде екі жыл еңбек өтілің болу керек деген қатаң талап та болды. Со­ған орай мектеп бітірген жылы зей­нетке шыққан әкемнің орнында «Бі­рінші май» совхозында екі жыл аға шопан болып жұмыс істедім. Содан екі жылдық жұмысымды аяқтауға таянған 1966 жылдың көктемінде әкеммен бір­ге Сарысуға қой айдап бара жатқанбыз. Бір уақытта артымыздан жеңіл  көлік қуып жетті. Көлік ішінен шыққан жігіт:

– Сұлтанәлі Балғабаев сен бе? – деді.

– Иә, мен.

– Сен Алматыда өткен республи­калық фестивальдің лауреаты болдың. Соған орай жеделдетіп жолға шығуың керек, – деді.

Қайдағы фестиваль, не­ғылған лау­реат, түкке түсінген жоқ­пын. Со­дан әлгі кісі аудандық ком­сомол ко­мите­тінің хатшысы екен, жағ­дайды жайлап түсіндірді. Сөйт­сем, Асқар Тоқмағамбетов пен Қом­ша­бай Сүйеніш бірлесіп, оларға об­лыстағы комсомол ұйымдарының бас­шыла­рының бірі, ақын Садықбек Хангелдин қосылып, менің аудандық, облыстық газеттерге шыққан өлең­дерімді жи­настырып, Жазушылар ода­ғының об­лыстық филиалы атынан бай­қауға жолдаған екен. Сонымен Ал­матыға барып, жүлделі орынымды алдым. Сөйтіп сол жылы оқуға түсіп, одан әрі қарай әдебиеттен өз жолымды таптым. 

Қазір әдебиетке қолдау бар ма?

– Кеңес кезеңінде мықты автор­лар­дың еңбегі жақсы бағаланып отырды. Оны айтуымыз керек. Мен де ең көп қаламақы алатындардың бірі болдым. Тағы бір артықшылығы, ақын-жазу­шылардың кітаптары отыз мыңнан жетпіс мыңға дейінгі таралыммен жа­рық көріп, ел аумағына түгел тара­латын. Қазір ондай таралым жоқ, ба­рынша азайды ғой. Дегенмен қазір бізде Үкімет бекіткен «Әлеуметтік ма­ңызды әдебиетті сатып алу, басып шы­ғару және тарату» бағдарламасы бар. Оның өзі екі кіші бағдарламаға бө­лінеді. Осы бағдарлама бойынша кі­тапты мемлекеттік тапсырыспен шы­ғаруға болады. Жазушылар ода­ғы­ның жергілікті өкілдіктері мен бас­қа тиісті ресми орындар бірлесе оты­рып, жергілікті қаламгерлерге осы мәселелерді түсіндіріп, өзге де ұйым­дастыру шараларын қолға алса, біраз мәселені шешуге болады деп ойлай­мын.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан    

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»