Адамзат баласы ХХ ғасырда екі дүниежүзілік соғысты бастан өткізіп, ХХІ ғасырға қадам басты. ХХІ ғасырдан не күтуге болады? Бұл туралы қоғам қайраткері Мырзакелді Кемел және әлемнің белгілі саясаткерлері ой түйіндейді.
ХХІ ғасырдың екінші ширегінен бастап адамдардың бір-біріне қатынауы азаяды, тек сағынысқан кезде көру үшін ғана барады. Олай ету қазірдің өзінде басталып кеткен. Зат іздеу, оны саудалау, сату мен сатып алу немесе өзге де келісімдер интернет арқылы жасалады. Интернет арқылы хат жазысады, танысады, сөйлеседі, ғашық болады, ажырасады, соттасады, табысады. Электрондық табысу бүгінгідей табысумен салыстырғанда қолайлы әрі тиімді ғана емес, оны көңілдегідей алмастыруы да мүмкін.
Отан деген сөзді біреулеріміз өз мемлекетіміз, кейбіреулер өз ауылымыз деп ойлаймыз. Интернет жүйесін ендіргелі осы ұғым кеңірек мағынаға ие болғандай. Өйткені Австралияда немесе Жапонияда жүріп өз еліндегілермен кедергісіз әп-сәтте ауызба-ауыз, иә электрондық пошта жүйесі арқылы сөйлесе алса, бару-келу кедергісіз болса, онда сырт жерде жүріп-ақ өз отанында жүргендей сезінуге, өзін өз отанының азаматымын деп есептеуге болатын сияқты.
Компьютерлендіруді бірыңғай жақсы жағынан айтуға да болмайды. Оның нәтижесінде жасанды интеллект қалыптасып келеді. Жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық санаттарының ара жігі жоғалып барады.
ХХІ ғасыр – заңдарға, әсіресе адамгершілік заңдарына бағыну ғасыры болады. Оған алдымен сананың жетілуі, екіншіден, заңды орындамаудың тиімсіздігі себеп болмақ. Сөйтіп, адамгершіліктің жалпы ережелері бұдан төрт мың жыл бұрын негізі қаланған Шумер елі заңдарының бүгінгі жетілген түрлерімен кірігіп, тізе қосып әрекет етеді.
Батыс адамының басым бөлігі жұмысқа әбден берілген. Қызметте де, үйде де, жолда да – жұмыс. Жұмыс уақыты мен бос уақыт екеуі араласып кеткен. Оған ұялы телефон, интернет жәрдем береді. Бұрынғы «Жұмыста – жұмыспен, өзге кезде өз тіршілігіңмен» деген қалыпты тұрмыс дағдысы бұзылған. Демалуға уақыт жоқ, әлгі «ойыншықтармен» бас толы ой оған мүмкіндік бермейді. Тамақ асығыс-үсігіс ішіледі. Адамдар ұмытшақ, күйгелек, ашуланшақ, яғни стреске бейім болады. Бастықтың көзіне түсу, мансапқа жету, көп ақша табу – мақсат сол, осындай тұрмыс өмірдің мағынасы болуға айналған.
ХХІ ғасырдың ортасына қарай дене кемістігі бар адамдардың өмір сүруі жеңілдеп, жасанды көз бен құлақ пайда болуы мүмкін. Сонымен бірге, бүгінгі бағытқа сенсек, ХХІ ғасыр адамының орта жасы қазіргіден анағұрлым ұзағырақ болады деседі, зейнеткерлік жасы жетпіске барып, көмек қажет етпейтін, жасы жүзден асса да өзі тұрып-жүре алатын адамдар көбейетін сияқты.
Алдағы бірер онжылдықтар ішінде бұрынғы Кеңес Одағының оншақты елі мен күні ыстық Африка адамдарынан басқалардың үйлену жасы 30-35 жасқа қарай көтеріледі. Жас адам алдымен өзін-өзі жеткізіп, бағып-қаға алатын кезде ғана тұрмыс құратын болады. Отбасын құру жауапкершілігі келісімшарт арқылы реттеледі. Бала саны, оның дүниеге келуі жоспарлы түрде жүреді, «сүйікті бала – қалаулы уақытта» деген мақсат орнығады.
ХХІ ғасырдың екінші ширегінде көмір мен мұнайдың орнына отынның басқа түрі келуі мүмкін. Күніне 9-10 сағаттық жұмыс күні қайтадан келеді.
ХХІ ғасырда жаңа жетістіктер мен бұрын кездеспеген құбылыстар ашыла береді. Осыдан жүз жыл бұрын бар болғаны 12 химиялық элемент белгілі еді, қазір – 92. Дегенмен, кейде ашылып жатқан жаңалықтың ашылу мерзімі ғана белгіленеді, ал шын мәнінде ол жаңа нәрсе болмауы мүмкін.
ХХІ ғасырдың ең басты жетістігі өзінің ешқашан қиындық көрмейтініне сенімді, сондықтан дүние жинауға қызықпайтын адамдар көбейеді. Жинаған білімі мен білігі өміріне жетіп артылатын болғанда дүние жинауға ұмтылған адам заманына лайық кісі деп саналмайды.
Аристотель: «білу мен түсіну – өнер, тәжірибе емес» дей келіп, «өнерді білген адам тәжірибесі мол адамнан ақылдырақ, өйткені ақыл көбірек білімге байланысты, тәжірибелі адам «не екенін» біледі, бірақ «қалай екенін» білмейді, өнерлі, яғни білімді әрі түсінігі мол адам «қалай» екенін де біледі. Сондықтан кәсіпті жақсы меңгерген адам тәжірибесімен өз кәсібін ғана дұрыс атқарады, ал үйретуші мәселенің қалай туындағаны мен жолы қалай екенін айта алады» дейді.
ХХІ ғасырдың басты проблемалары: ауызсу, таза ауа, радиациялық залалдар, биологиялық қару, ақпарат құралдарының адам мінезіне теріс әсері. Ең үлкен тоқырау экологияға байланысты болады. Адамзат табиғатты қорғауды шындап қолға алмаса, «ертеңгі келер пайданы сезіну тапшылығы» жалғаса берсе, ғаламдық өзгерістер нәтижесінде өмір сүру режимі өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Болашақтағы бұлғақтар ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылады.
Ал тоқыраудың барлық түрінің ең қатерлісі – сенімнің тоқырауы.
Тағы 20-50 жылда қазіргі адамзат саны екі есе өседі. Басты проблема адамдардың жер бетіне сыйысуы және оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету болмақ.
Дамыған елдерде қызмет көрсету саласы өсіп, өндіріс көлемі төмендеп келеді. АҚШ-та бүгінде өндіріс көлемі жалпы өнімнің 29,9 процентін, Ұлыбританияда – 30, Францияда – 28,7%-ті құрайды. АҚШ-тың ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі жалпы өнімнің екі-ақ проценті. Соның өзінде өзге елдерден тамақ сатып алып жатқан жағдайы жоқ. Сондықтан біздің елімізде жалпы өнімнің 48%-ін ауыл шаруашылығы құрайтын еді, сол төмендеп кетті деу қисынсыз, олай болуы – біздің индустриясы дамып бара жатқан елге айнала бастағанымыздың белгісі.
Біздің тұрмыс деңгейіміз табиғи ресурстардың көптігіне тәуелді болудан қалатын кез алыс емес. Халықаралық сауда дамыған сайын тауар арзандайды. Мұнай мен газдың бағасы алдағы жиырма жылда 50%-ке төмендейді. Болашақтың тірегі: микроэлектроника, биотехнология, телекоммуникация, жолаушы ұшақтары жүйесі, машина жасау мен робототехника, компьютерлік техника, материалдар туралы ғылымдар болмақ.
Келешекте білікті, көпқырлы мамандар аса бағалы болады. Қарапайым қызметтердің ішінде балаларды тәрбиелейтін, қарттарға қарайтын қызметтерді адамдар көбірек керек етеді, яғни сауаты мен мейірімділігі қатар жүрген адамдарға жұмыс жетіп артылады. Адамдардың көбі тұрмыстық істерді өздері атқармайды, оның ішіндегі отбасы үшін аса жауапты жұмыстардың өзін ақы төлеп істететін болады.
Әзірлеген Ж.ӘЛМАХАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<