Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күніне орай «Өркениетке кітаппен» атты әдеби автобус шарасын өткізді. Дәйекті сөздермен, шарлармен, арнайы эмблемемен әсем безендірілген №1 бағыттағы автобус жолаушылары кітап туралы өлең-жырлармен сусындап қана қоймай қосыла жырлады.
Рухани байлығымыздың қайнар бұлағы кітапты ұлықтау мақсатындағы шара қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты кітапханалары туралы ақпарат беруден, кітаптар мерекесінің маңыздылығы туралы айтудан басталып, 2022-балалар жылының ерекшелігіне тоқталды.
Сондай-ақ, «Қазанғап» атындағы музыкалық жоғары колледжі студенттерінен құралған «Алтын адам» тобы, Досмағанбетова Дариға «Бипыл» әнін орындап жолаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйласа, кітапхананың тұрақты оқырмандары П.Уалиева «Кітап туралы ой», С.Шахат «Кітап біздің досымыз» атты қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқыды.
Шара барысында жүргізушілермен викториналық ойын жүргізіліп, қызықты сұрақтар қойылды. Тапқыр да білімді оқырмандар сұрақтарға нақты жауап беріп, түрлі сыйлықтарға ие болды.
Жолаушылар мақал-мәтел айтып, жұмбақтардың шешуін тапты.
«Әдеби автобус» шарасының негізгі мақсаты: Қазіргі кезеңде Елімізде интернет желісінің өте кең ауқымды таралуы , электрондық ақпараттардың көптігі, қажетті білімді электрондық парақшадан ақ қағазға көшіру жастарымызды кітаптан алшақтатып барады. Адамзат даналығының алтын кілті кітап, әрбір халықтың кемелдікке келгенін, өркениетті қоғамға қадам басқанын көрсететін қасиетті орын-кітапхана екенін түсіндіре отырып, кітап оқуға шақыру, кітаптың құдіреттілігін түсіндіру, жастардың кітапқа деген қызығушылығын ояту.
Айта кетейік, жолаушылардың белсенділігі шараның қызықты өтуіне септігін тигізді.





