Әйелдердің зейнетке шығу жасы әр бала туған сайын қысқартыла ма

1088

0

Фото: Ашық дереккөз

Премьер-Министр Әлихан Смайылов әйелдердің зейнетке шығу жасын әр бала туған сайын 2 жылға қысқарту туралы Мәжілістің таратылған 7-ші шақырылым депутаттарының ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы компоненттерін қамтитын үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Оның мөлшері еңбек өтіліне байланысты айқындалады. Бұған қоса, әйелдер үшін олардың жұмыс ерекшеліктерін ескере отырып, еңбек өтілін есептеуде жеңілдіктер қарастырылады. Айталық, зейнетақы төлемін тағайындау барысында әйелдердің еңбек өтіліне бала күтіміне байланысты аналардың жұмыс істемеген уақыты да есепке алынады. Сонымен қатар бала күтіміне байланысты демалыстағы жұмыс істейтін әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне үздіксіз қатысуын қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылдан бері республикалық бюджеттен міндетті зейнетақы жарнасын субсидиялау жүргізіледі», – деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жылдан бастап бала күтіміне берілетін жәрдемақы 1,5 жылға дейін ұзартылды. Оған дейін бала 1 жасқа толғанға дейін жәрдемақы төленіп келген еді.

«Жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданысы кезінде әйелдер үшін зейнетке шығу жасын әр бала үшін 2 жылға қысқарту оларды болашақта лайықты зейнетақы төлемімен қамтамасыз ете алмайды. Бұған қоса, Мемлекет басшысының 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасын арттыру 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде тоқтатылды. Жалпы, зейнетақы жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасуда және өкілетті орган мен Үкіметтің тұрақты бақылауында», – деді Әлихан Смайылов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<