Әке тағылымы

144

0

Еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Кәрім Жұмабайұлы туралы жүректен шыққан толғамды ойларымды бөліскім келеді.

Ол білім мен өнерге деген ерек­ше құштарлығын ерте жастан-ақ байқатады. Сол кездегі дәстүр бо­йынша 8-10 жастағы балалар бірінші сыныпқа баратын болса, әкем бес жасында мектеп табалдырығын атта­ған екен. Бұл жағдай көз алдыма «Ал­ты жасар Алпамыс мектепке барады» атты танымал киносюжетті елестетеді. Кейде осы фильмді көрген сайын әкем­нің мектепке барған сәтін көз алдымнан өткіземін.

Әкемнің өзі бұл жайында былай деп еске алатын: «Менің бірінші сыныпқа қабылдануымның өзі күтпеген жағ­дай болды. Есімде болса, тамыз айы­ның жиырма бестері еді. Ауыл бала­ларымен бірге мектепке бардым. Шет­теу тұрғанмын. Маған көзі түскен мек­теп директоры аты-жөнімді және не үшін келгенімді сұрады. Мен оқы­ғым келетінін айттым. Сонда ол: «Олай болса, құжаттарыңды жина» деді.

Ертеректе «Төменарықта» темір­жолға жақын орналасқан төртжылдық мектеп болды. Сол жерде сауат ашты.

Одан кейін жетіжылдық мек­теп­ті бітірген соң, әкем Шиелі кентін­дегі интернатта жатып білімін жалғас­ты­рады. Мектептен тыс уақытта ана­сына қолғабыс болу оның басты мін­деттерінің бірі екенін жақсы түсінеді. Бірақ ол кезде күнделікті Шиеліге қа­тынау мүмкін емес еді. Сондықтан ол жолаушылар пойызымен, кейде жүк пойызымен ауылға қатынап тұрады.

Осылайша, туған ауылында «Неге 10 жылдық мектеп ашылмасқа?» деген ой оның санасын билейді. Нәтижесінде үкімет төрағасы Бейсембаевқа өтініш хат жолдайды. Әкем сегізінші сынып оқушысы-тұғын.

Бұл оқиғаны әрдайым ерекше қы­зығушылықпен баяндап беретін: «Бір күні мектеп директоры Әбіласан Әшір­беков мені шақырып жатыр деді. Бардым. Ол күлімсіреп отыр екен. Мені көре сала қабағын түйіп: «Сен Бейсембаевқа хат жазып па едің?» деді. Не айтарымды білмей, қатты қо­балжып, тілім байланып қалды. Сон­да ол қайта сұрады: «Үкімет бас­шысына хат жаздың ба?». Мен «Иә!» дедім. Ол: «Оған не себеп болды? Әлде біздің мектеп ұнамай ма?». Мен: «Жоқ, жоқ! Ұн-а-а-й-ды! Ауылда анам жалғыз. Сабақтан тыс уақытта анама үй шаруасына көмек­тескім келеді. Сон­дықтан ауылда он­жылдық мектеп ашылса дегенім ғой!». Сонда директор: «Онда құтты бол­сын! «Төменарықтағы» мектепте то­ғы­зыншы сынып ашылсын деген нұс­қаулық келіп түсті. Егер тоғыз оқушы жиналса, ауылыңда сынып ашылып, оқуыңды сонда жалғастыруға болады» деді. Тоғызыншы сынып ашылды, бі­рақ оныншы сыныпқа оқушы саны жеткіліксіз болғандықтан, мектепті Жаңақорған кентінде аяқтадым. Де­генмен, ауылдағы қазақ-орыс мекте­бінің ашылуына аз да болса үлесімді қостым деп ойлаймын».

Коммунистік жүйенің мызғымай тұрған кезінде үкімет басшысына хат жазу үшін адамға ең алдымен батыл­дық, екіншіден жазу қабілеті қажет еді.

Мектеп қабырғасында жүрген ке­зінен қаламгерлік қырын көрсе­те бас­таған әкемнің өлеңдері мен мақа­ла­лары республикалық «Қазақ­стан пио­нері» мен жергілікті «Екпінді» («Жа­ңа­қорған тынысы») газетінде үз­бей жарық көріп тұрды.

Оныншы сыныпта оқып жүргенде оның қатарластарының көпшілігі зоотехник, агроном болуды көздеп, ауданның дамуына өз үлесін қосуды жоспарлады. Әкем өз қатарластарынан қалыс қалмады. Туған жерді гүлдендіруде аса маңызды мамандықты таңдады. Ол – гидротехник мамандығы еді. Оның басты мақсаты – Сыр мен Қаратау аралығындағы иесіз жатқан жерлерді суландырып, құнарлы далаға айналдыру болатын.

Осы мақсатпен ол ауыл шаруа­шылығы институтына құжат тапсыр­ғанымен, оқуға түсудің сәті болмады. Намысшыл азамат ауылда қарап жа­та алмады. Ол бірден аудандық әс­ке­ри комиссариатқа барып, әскерге ша­қы­руды өтінеді.

1954 жылы күзгі шақырумен Баш­құртстанның Белебей қаласында сер­жанттар дайындайтын полктік мек­тептің артиллериялық бақылау­шылар дайындайтын бөлімінің кур­санты бо­лып аттанады. Бір жылға жет­пей артил­лериялық бақылаушы ма­ман­дығын алып, әскери бөлімдерге таратылады.

Әкем әскер қатарында жүрген ке­зінде болған бір қызықты оқиғаны әр­дайым ерекше әсермен айтып беретін. Оқиға былай өрбіген екен: сарбаздар кезекшілік бойынша полктің артил­лериялық қару-жарақтары сақталатын қоймаға күзетте тұрады. Әскери тәр­тіп өте қатаң. Түнде көз ілмей күзету міндетті. Стратегиялық маңызы бар нысанға ешкімді жолатпау – бас­ты та­лап. Адамдар терең ұйқыға кет­кен таңғы сағат төрт шамасында стра­те­гиялық нысанда белгісіз біреу­дің жүрісі байқалады. Қараңғы болған­дықтан оның кім екені көрінбейді. Қа­­рауылда тұрған сарбаз: «Тоқта! Бұл кім?» деп дауыстайды. Әлгі адам: «Майор Петров» (ол кезде Пет­ров деген полк командирінің азық-тү­­лікпен қамтамасыз ету жөніндегі орын­басары екен) деп жауап береді. Сар­баз: «Онда құпия сөзді айтыңыз!». Әлгі адам: «Бұл майор Петров. Сар­баз, өз орныңызға қайтыңыз!». Сар­баз: «Жоқ. Тоқтаңыз! Әйтпесе оқ ата­мын!». Сарбаздың айтқанынан қа­йт­­пай­тынын түсінген белгісіз адам кері шегініп, көзден ғайып болады. Ер­тесіне полк командирінің шұғыл шақыртқаны туралы бұйрық келеді. Ко­ман­дир түнде болған оқиғаны естіп, әскери қызметіндегі қырағылығы үшін сарбазға 10 күндік қысқа мерзімді демалыс береді.

Әскерден келгеннен кейін әкем Қы­зылорда педагогикалық институ­тында орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша жоғары білім алып, «Төменарықтағы» «Горняк» орыс орта мектебінде ең­бек жолын бастайды. Көп ұзамай ди­рек­тордың тәрбие ісі жөніндегі орын­басары, кейін мектеп директоры бо­лып тағайындалады. Кейін ол ау­дандық партия комитетінің үгіт-на­сихат бөліміне нұсқаушы болады. Әкем бұл қызметті ауылда жүріп ат­қарады. Анығын айтқанда, басшылар қызмет ұсынғанда ол ауданға барып жұмыс істемейтінін бірден айтады. Нәтижесінде бөлім басшылары әкем зейнетке шыққанға дейін аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бө­лімін ауылда ашады.

Зейнетке шыққаннан кейін бала­лық арманына қайта оралып, қаламын қолына алып, республикалық және об­лыстық газеттерге өз ой-толғам­дарын жариялап, тұрақты мақала­лар жазып тұрды. Сондай-ақ ұстаздарға арналған бірнеше мерзімді басылымның тізгінін ұстады.

Адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіріп, елге адал қызмет етуді өсиет еткен әкемнің шаңырағынан Ләз­зат, Жаннат, Гүлшат, Ғалымжан, Бауыр­жан, Мейіржан, Ақмарал есімді ұл-қыздары өсіп-өніп, әрқайсысы бір-бір әулеттің тірегіне айналып, әке көр­сеткен тура жолдан ауытқымай келеді.

«Алланың маған берген қабілет-қарымымен елге азды-көпті еңбек сіңірдім. Ең бастысы – саналы ұрпақ өсіріп, олардың бойына адамдықтың, адалдықтың дәнін септім. Ендігі ұр­пақтың сапасы сендердің мойын­дарыңда» дейтін. Бұл сөздер біз үшін өмірлік қағидаға айналды.

Әкемнің бізге қалдырған өнегесі – осы!

Қайрат ЖҰМАБАЕВ.

Астана қаласы