Әке тағылымы – тәрбиенің тірегі

14

0

Отбасы – шағын мемлекет. Сол шағын мемлекеттің басты тірегі – әке. Әке – шаңырақтың иесі, отбасының қорғаны, тәрбие мен берекенің бастауы. Осы орайда ер азаматтарға артылар жауапкершілік жүгі қашан да ауыр.

Кеше «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясында «Әке тағылымы – ұлт тәрбиесінің тірегі» тақырыбында облыстық әкелер форумы өтті. Аталған іс-шара отбасылық құндылықтарды нығайтуға, әкенің бала тәр­биесіндегі жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ, ұлттық тәрбие мен ұрпақ сабақтастығын кеңінен насихаттауға арналды.

Форумға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, қоғам белсенділері, ардагерлер, ата-аналар, жастар және әкелер кеңесінің мү­ше­лері қатысты. Жиынды «Әкелер одағы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігі облыс бо­йынша филиалының төрағасы, облыстық мәс­лихат депутаты Ержан Ескендір жүргізіп отырды.

Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары мем­лекет тарапынан отбасы институтын қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар жөнінде баяндап,  әкенің отбасындағы орны мен қоғамдағы жауапкершілігіне айрықша тоқталды.

– Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» деген аталы сөздер тегін айтылмаған. Бұл – әкенің тек отбасының ғана емес, тұтас ұлт­тың рухани тірегіне айналатынын дәлелдейтін өмірлік қағидалар. Әке ол – жауапкершіліктің, табан­дылықтың, ерліктің, сабырлылықтың символы. Әке тәрбиесі – ел болашағының іргетасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі. Отбасындағы тәрбие – елдің ертеңге деген сенімді қадамы» деген болатын.

Президентіміздің бұл тұжы­рымдары бүгінгі форум­­ның маңы­зымен үйлесіп, отба­сының бе­ріктігі мен ұрпақ тәрбие­сінің сапасы – мемлекеттің кемел келе­шегін айқын­дайтын шешуші фактор екенін айқын аңғартады. Өйткені бақытты отбасы – тұ­рақ­ты қоғамның, ал тұрақты қоғам – қуатты мемлекеттің негізі.  Бү­гінде өңірімізде аймақ бас­шы­сы Нұрлыбек Машбек­ұлының бас­та­масымен отбасы институтын ны­ғайту, жас ұрпақтың рухани-адам­гершілік санасын арттыру, ұлттық тәрбие құндылықтарын кеңі­нен насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кейінгі үш жылдағы мәдениет пен руханият саласындағы серпінді жобалар – өскелең ұрпақтың сана­лы азамат болып қалыптасуына бағытталған маңызды бастамалар.

Аймағымызда бірқатар мәдени-ағартушылық орталықтардың ашы­­­луы, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған ковор­кинг алаңдары мен шығар­ма­шылық орталықтарының құ­рылуы – ұрпақ тәрбиесіне жасал­ған ұзақ мерзімді инвестиция.

Ардақты әкелер! Халық дана­лығында «Әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген терең мағыналы тәмсіл бар. Осыны негізге ала отырып, «Адал адам», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» сынды елдік ұстанымдар мен мемлекеттік идеологияны қоғамда орнықтыру – Сіз бен біздің, асыл әкелер қауымдастығының абы­рой­лы міндеті, ұрпақ алдындағы зор жауапкершілігі әрі айрықша мәртебесі деп білемін, – деді М.Шермағанбет.

Форум аясында   еліміздің мақ­танышы, бокстан Әлем чемпио­натының қола жүлдегері, Азия чемпионатының алтын жүлдегері Тұрсынбай Құлахметтің әкесі Молдахмет Байменов өз өмірлік тәжірибесі мен отбасылық өнегесі туралы ой бөлісті. Сонымен қатар  «Сыр медиа» ЖШС бас дирек­торы Марат Аралбаев ұрпақ тәр­биесіндегі өмірлік тәжі­рибе мен әке өнегесінің маңызын кеңінен тар­­­­қа­тып, жас буынды ұлттық құн­­ды­­­­лықтарға, еңбекқорлық пен жауап­­­­кершілікке баулуда әке­лер институтының орны бөлек еке­­нін жеткізді. Ал дін істері бас­­­қар­­­­масы дін мәселелерін зерт­теу ор­талы­ғының оңалту және кибер­­қадаға­лау жұмыс­та­рын ұйым­­дас­тыру бө­лімінің аға ма­маны, теолог Бақтияр Оспа­нов өз сө­­зінде қазіргі жастар ара­сын­да дін саласындағы ақ­парат­тық қауіп­сіздік пен оңалту шара­ла­рының маңыздылығына тоқ­­­та­­лып, заманауи сананы қалып­тас­­ты­ру­­дағы әкенің рөлі мен отба­сы тәрбие­сінің әсерін ерекше атап өтті.

Жиын барысында қатысушылар ұсыныс-пікірлерін айтып, әкелер қозғалысын дамыту, тәрбиелік бағыттағы жобаларды жүйелі түр­де іске асыру, сондай-ақ жас отба­­сылармен жұмысты күшейту мәсе­лелері кеңінен талқыланды.

Форумда отбасылық тәрбие мен қоғамдық келісімді нығайту жолын­да үлес қосып жүрген аза­маттар марапатталды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»