Текей батыр Қарпықұлы атындағы Қызылорда жоғары колледжі еліміздің еңбек нарығына қажет мамандар даярлауға үлес қосып келеді. Мұнда білім алған түлектер дүниенің кірпіші болып қаланып үлгерді. Төтенше жағдайларда қорғау мамандығы бойынша биыл оқуға түскен Мейіржан Мәлік те алдыңғы толқын сияқты өз ісінің білгірі болуды қалайды.
С.Лапин атындағы №261 мектептің 9-сыныбын бітіріп, колледжге оқуға түскен оның бұл мамандықты таңдауы кездейсоқтық емес. Өйткені құтқару ісінің шет-жағасын отбасында көріп өсті. Мейіржанның әкесі Ғалымжан Елмұратов 2004 жылдан бері облыстық төтенше жағдайлар департаментінде қызмет атқарып келеді. Бүгінде құтқару жасағында құтқару бөлімшесінің басшысы.
– Біздің әулетті еңбек династиясы дер едім. Ағаларым өрт сөндіруші болып еңбек етті. Кезекшіліктен келген сайын жұмыс күнінің қалай өткенін айтып беретін. Бұл менің қызығушылығымды оятты. Мектеп бітіргесін өзім де осы жолды таңдадым. Мейіржан да бала күнінен бері құтқарушы болуды мақсат тұтып, арманына қол жеткізіп отыр, – дейді әкесі.
Осы салада 22 жылға жуық қызмет атқарған білікті маманның еңбегі елеусіз емес. Бірінші дәрежелі «Құтқарушы» медалін, ҚР Құрмет грамотасын, басқа да ведомстволық медальдар және алғыс хаттарды иеленген. Ғалымжан Елмұратов жары Эльвира Рахмановамен бірге 2 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отыр. Тұңғыш қызы Қарағанды медицина университетін бітіріп, ата-анасына дипломның нанын жегізді. Екінші ұлы Қызылорда жоғары медицина колледжінде білім алып жүр. Одан кейінгі екеуі егіз, яғни Мейіржанның сыңары Аружан мектепте оқуын жалғастырды. Кенжесі екінші сыныпта оқиды.
– Ұлым адамдардың өмірін сақтап қалуға үлес қосып, көптің алғысына бөленіп жүрсе, содан артық ештеңе жоқ, – дейді ол.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





