Әке жолын жалғаған ҚАЖ қызметкері

710

0

Қылмыстық-атқару жүйесіндегі династиялық отбасылардың бірі – Әбілдаевтар отбасы. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Қармақшы аудандық пробация қызметінің бастығы, әділет подполковнигі Ержан Әбілдаев әке жолын қуып, полицейлер династиясын жалғап келеді. Ержанның әкесі Тасқын Мустияров саналы ғұмырын тәртіпті күзетіп, құқық бұзушылыққа арнаған жан. Ол 1959 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1982-2009 жылдар аралығында Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет еткен, полиция майоры.

Тасқын Мустияров еңбек жолын Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінде милиционер- жүргізуші болып бастап, қызмет еткен 27 жыл ішінде “Қандөз” тексеру-қабылдау пунктінде аға инспектор, учаскелік инспектор, қылмыстық-іздестіру бөлімшесінде аға инспекторы, жылжымалы бекет бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтеріліп, 2009 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан. Құқық қорғау саласындағы 27 жыл еткен еңбек, төккен тер еленіп, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің ІІ, ІІІ дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін”, “Құқықтық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін”, “ІІМ үздік қызметі үшін”, “Ішкі істер органдарының ардагері” медалімен марапатталған. Әке жолын бүгінде ұлы Ержан жалғастырып отыр. 2001 жылы орта мектепті тәмамдаған Ержан Павлодар заң колледжіне оқуға түседі. Заң колледжін жақсы бағамен аяқтап, еңбек жолын 2003 жылы ҚАЖ департаментінің ЗК-169/5 мекемесінде жасақ бастығынан бастаған. 2007 жылдан бастап Қармақшы аудандық пробация қызметінде аға инспектор болып қызмет етіп, қазіргі таңда осы пробация қызметінің бастығы лауазымында қызмет атқарып келеді.

 Ол қоғамнан оқшаулауды қажет етпейтін пробациялық бақылау белгілеген азаматтармен, яғни жазасын өтеп шыққан сотталғандармен жұмыс жасап, қайта қылмыс жасамауы үшін тәрбие жұмыстарымен қатар әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсетеді. – Қылмыс әлеміне табаны тиген сотталған азаматтармен жұмыс жасау оңай емес. Оларды қалыпты өмірге бейімдеуге барынша тырысамыз. Әрбір пробациялық бақылауға алынған сотталғанды толық зерделеуден өткізіп, құқықтық, медициналық көмек қажет болса, көмек көрсетіп, жұмысы болмаса жұмысқа орналастырып, мекенжайынан және жұмыс орыннан тексеріп отырамыз. Қылмыстың алдын алу, оларды үнемі бақылауда ұстау – біздің міндетіміз, – деді ол. – Темірдей тәртіп пен қызметке адалдықты отбасымнан бойыма сіңірдім десем артық айтқаным емес. “Өзіңе сеніп, тек адал қызмет ете біл” деген әкемнің ақылын әрдайым ұстанып жүремін. Қандай жетістікке жетсем де бұл әкемнен алған тәлім, –  дейді Ержан. ҚАЖ саласында қызмет еткен 20 жылға жуық уақыт ішінде ҚР ІІМ-нің, ҚАЖ комитетінің, облыс әкімінің, департамент бастығы мен мекеме бастықтарының грамоталарымен, алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталып, ІІ, ІІІ дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін”, “Қылмыстық-атқару жүйесінің үздігі” төсбелгілерін иеленген. Әке жолын қуған Ержан адамгершілік қасиетімен тек қызмет бабында ғана емес, отбасында да абыройлы жан. Бүгінде жары екеуі екі ұл мен инабатты қыз өсіріп отырған бақытты отбасы

Дана Достанова

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<