Қызылорда қаласындағы NIS-те Әкелер форумы өтті. Бұл маңызды шара бала тәрбиесіндегі рөлін нығайтуға бағытталды.
Пленарлық бөлімде қазіргі цифрлық дәуірдегі бала тәрбиесі, әкенің үлгі боларлық рөлі және баланың бойында жауапкершілік пен саналы көзқарасты қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілігі, цифрлық қауіпсіздік және цифрлық іздің баланың болашағына әсері туралы маңызды ойлар айтылды. Қатысушыларға балалардың ғаламтордағы қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыру және оларды дұрыс бағытта қолдау бойынша ұсыныстар берілді.
Форумның екінші бөлігінде практикалық жұмыс ұйымдастырылып, қатысушыларға шеберлік сабақтар мен интерактивті іс-шаралар ұсынылды. Олар отбасымен сапалы уақыт өткізудің тиімді жолдары, дұрыс тамақтану, сондай-ақ баланы оқуға ынталандыру мен жан-жақты тұлға қалыптастырудың тиімді тәсілдері туралы пайдалы ақпарат алды.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – «Өсиет ағашы». Әкелер арнайы дайындалған талға алма пішініндегі стикерлерге өздерінің өсиет сөздері мен ақыл-кеңестерін жазып қалдырды. Бұл жүректен шыққан тілектер жас ұрпақ үшін маңызды құндылықтарға айналды.
Форум ашық диалог алаңына айналып, мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайтты. Мұндай бастамалар жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыруға және балалардың жан-жақты дамуына қолайлы орта құруға ықпал етеді.






