Халқымызда «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген сөз бар. Сол айтылғандай, асқар таудай әке Жаңбырбай Нұрылдаұлының өмірден өткеніне жиырма жыл болыпты. Аз да, көп те уақыт емес. Көзі тірісінде мейіріміне бөлеп, жетектеп жүрген немерелері қазір ер жетті. Бірақ қанша жыл өтсе де, оған деген сағынышы жан сыздатып, көңілді мұң басады.
Жаңбырбай Нұрылдаұлы 1943 жылы 21 мамырда Қызылорда қаласында өмірге келген. Соғыс кезі. Елдегі жағдай қиын. Әкесінен жастай қалған жалғыз бала шешесіне көмектесіп, ертерек есейеді. Отбасының мың-сан тіршілігіне араласа жүріп, әбден шынықты. Азамат жасына жеткенше қиындыққа төзімді, қайсар мінезді болып қалыптасты.
Сол уақыттың ыңғайымен алдымен 7 жылдық мектепте оқып, әрі қарай кешкі мектеп бағдарламасын бітірді. 1963 жылы әскер қатарына шақырылды. Алайда отбасында жалғыз бала болғандықтан, азаматтық борышын қаладағы ішкі істер органында 3 жыл қызмет атқару арқылы өтейді. Осы уақыт ішінде өзінің қабілет-қарымын дәлелдеп, қатардағы қызметтен бастап аға лейтенант, взвод командирі дәрежесіне дейін көтерілді.
Көп ұзамай шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Құдай қосқан жары Патира Жаманқұлова «Қазпочтада» еңбек ететін. Кейін осы мекемеде басшылық лауазымынан зейнетке шықты.
Олар бір шаңырақ астында қырық жылдан астам тату-тәтті өмір кешіп, отбасында төрт бала дүниеге келді. Балаларына жақсы тәрбие беріп, білім алумен қатар еңбек етуге баулыды. Ата-ана үмітін ақтаған ұл-қыздары, немерелері бүгінде қоғамның әр саласында қызмет етіп жүр.
Тұңғыш перзенті Серік Жаңбырбайұлы ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі саласында 25 жыл еңбек еткен, бүгінде запастағы полковник шенінде құрметті ардагер. Ол кісінің айтуынша, әкесі өте талапшыл адам болыпты.
– Әлі ұмытқаным жоқ, әкем бала күнімізден бастап тәртібімізді қатаң қадағалап отыратын. Мектепте оқып жүргенде күнделігімізді тексеріп, оқуымызға көңіл бөлетін. Менің әскери салада білім алуымды қалайтын еді. Кейін жоғары оқу орнына түскен кезімде де ақылын айтып, бағыт-бағдар беретін. Анамыз да әрдайым бізді «Әкең келе жатыр» деп тәртіпке шақыратын.
Әкеміздің тағы бір жақсы қасиеті, көпшіл болатын. Ағайын-туыс, дос-жарандарының басын қосып, жиын-тойларды ұйымдастырып жүретін. Кімнен болсын, қолынан келген жәрдемін аямайтын. Біздің алға қойған мақсатымыз – әкеміздің атына кір келтірмей, халыққа қалтқысыз қызмет ету.
Әкеміз 2006 жылы 63 жасында өмірден өтті. Балаларын жеткізіп, немерелерінің қызығын көрді, соған шүкір дейміз. Анамыз әлі ортамызда, жасы 80-ге таяды. Ұрпағының ұлағатына бөленіп отырған асыл әже, – дейді Серік ағамыз.
Иә, Жаңбырбай Нұрылдаұлы қаладағы автокомбинатта жұмыс істеген жылдары іскерлігімен әрі кәсіби шеберлігімен танылған. Дәлірек айтқанда, іргелі мекемеде жүргізуші, механик, колонна бастығы лауазымын абыроймен атқарып, зейнетке шықты.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі бағаланып, ҚР «Құрмет грамотасымен», «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «КСРО-ның құрметті автомобилисті», «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанған.
Әке ізін жалғаған ұрпақтары өмірден өз жолдарын тапқан. Жоғарыда атап өткеніміздей, шаңырақтың үлкені Серік Жаңбырбайұлы ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі саласының өкілі, запастағы полковник. Одан кейінгі қызы Ләззат кәсіпкер болса, екінші ұлы Берік «Қазгермұнай» ЖШС мекемесінде қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Ал Досмағанбетовтер отбасының кенже қызы Жанат білікті дәрігер-психолог.
Атасының көзін көрген, тәрбиесін бойына сіңірген немерелері де биік асуларды бағындырып жүр. Олар Төтенше жағдай, Ұлттық қауіпсіздік қызметі және ішкі істер органында қызмет етіп жүрсе, енді бірі спорт саласын бағындырған.
Иә, есімі елге етене таныс Мөлдір Жаңбырбай қазақтан шыққан каратэден тұңғыш Әлем чемпионы. Сондай-ақ ересектер арасында Азия және Әлем чемпионы. Токио Олимпиадасының қатысушысы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген сөз бар. Расында, әкенің орны әрдайым бөлек. Бір сөзбен айтқанда, ол – отбасындағы тәлім-тәрбиенің түпқазығы.
Бұл күнде саялы бәйтеректей өсіп-өніп, тамырын терең жайған Жаңбырбай әулеті де қоғамға, елге қызмет етуде әке тәлімінің жемісін көріп келеді.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





