Әлемдік брендтің желісімен жаңа қонақүй

4

0

Қызылордадағы Президент саябағы аумағында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағаларының арнайы қатысуымен IBIS қонақүйінің іргетасын қалап, капсуласын салу рәсімі өтті.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтады.

– Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен облыс бюджеті жылдан жылға ұлғаюда, даму бюджетінің көлемі 4,3 есе өсті. Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда.

2022-2024 жылдары облыс экономикасына 1 трлн 600 млрд теңгеге жуық, 2025 жылы 750 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233 пайызға артты. Жеке инвестицияның үлесі 70 пайыз болды. Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 трлн 900 млрд теңгеге жуық қаржыға 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 10 308 жаңа жұмыс орны ашы­лады. Биыл 753 млрд 300 млн теңгеге баға­ланған 14 ірі жобаның құрылысы жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай етіп салынатын қонақ­үй шетелдік, отандық туристер мен қонақ­тарымызды қабылдайтын, іскерлік байла­ныс­тарды нығайтатын орталыққа айна­латынына сенімдімін.

Маңызды жобаны жүзеге асыруға баста­машы болып, зор үлес қосқан инвесторларға, құрылысшыларға шынайы алғысымды, зор ризашылығымды жеткіземін.

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тағы да құттықтап, құрылыстың сәтімен аяқталуына, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектестігімді білдіремін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Eastland Estates Ltd жеке компаниясының бас директоры Алмат Данкенов сөз сөйледі.

Халықаралық талаптарға сай келетін үш жұлдызды IBIS қонақүйі жобасының құны 6 млрд теңге, мұнда бір мезетте 100-ден астам келушіге қызмет көрсетіледі. Пайдалануға берілгеннен кейін 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Айта кету керек, осы үлгідегі қонақүйлер желісі әлемнің 70-тен астам еліне кеңінен таралған. Еліміздің Астана, Алматы, Ақтөбе және Атырау қалаларында да табысты жұмыс істеп келеді.