Қазіргі уақытта елімізде еттің бағалары күрт қымбаттауда. Нарықта сиыр еті 2800 теңгеге өссе, жылқы еті 2600-ге көтеріліп отыр. Бұл тұрғыда «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірімізде сиыр етінің бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар атқаруда.
Атап айтқанда, биыл «Айналым схемасы» бойынша 14 кәсіпкерлік субъектілеріне келісімшарт негізінде 1 млрд 650 млн теңгеге займ берілді. Оның ішінде ет бағытында «Қылыш» шаруа қожалығы 25 млн теңге займ иеленді. Осы арқылы қаладағы 35 әлеуметтік дүкенге бүгінде сиыр еті жеткізіліп, бекітілген баға — 2 мың теңгеден сатылып жатыр.
Мұнан бөлек, біз белгілеген бағадағы ет «Ажар Сити» сауда үйінің сөрелерінде де тұр. Қазіргі күні «КзоЕт» дүкендер желісімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Аталған серіктестік корпорациядан 70 млн теңге займ алып, 7 сауда нүктесінде етті шекті бағадан асырмай сату жөнінде ұсыныс жолдады. Енді комиссия шешімін күтеміз, — деді Тұрақтандыру қорының жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Мейрамбек Серікбай.
«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі






