Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны кейінгі жылдары айтарлықтай қысқарды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа цифрлық тәсілдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу нәтижесінде көмекті тағайындау жүйесінің дәлдігі артқан.
– Егер 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмекті 114 мың отбасы алса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 30 мыңға дейін төмендеді. Сонымен қатар төлемдер көлемі 57 млрд теңгеден 5 млрд теңгеге дейін азайды, – деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, мұндай өзгеріс мұқтаждықты бағалау жүйесінің жаңаруымен байланысты.
– Қазіргі таңда өтініш берушілердің материалдық жағдайы автоматты түрде тексеріледі. Жүйе мемлекеттік дерекқорлар негізінде табысын, мүлкін, жұмыспен қамтылуын және басқа да әлеуметтік көрсеткіштерін талдайды, – деді Бахтияр Жазықпаев.
Сонымен қатар тұрғын үй жағдайын бағалау үшін фотосуреттерді талдайтын технология да қолданылып жатыр. Бұл азаматтардың өмір сүру деңгейін нақтырақ анықтауға мүмкіндік береді.
Жиналған деректер негізінде жүйе шешім қабылдауға ұсынымдар қалыптастырады. Ал түпкілікті шешім маманның құзыретінде қалады. Осы тәсіл арқылы бүгінгі күні шамамен 48 мың өтініш қаралған.
– Жаңа технологиялар негізсіз төлемдерді болдырмауға және әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр, – деп түйіндеді Бахтияр Жазықпаев.
Айта кетейік, бұған дейін Еңбек министрлігі арнаулы әлеуметтік қызметтердің ашықтығын арттыру үшін дерекқорларды біріктіру бойынша пилоттық жоба бастаған еді.






