Кеше аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың тапсырмасына сәйкес, азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия негізінде құрылған жұмыс тобы аудан орталығындағы сауда дүкендеріне мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Жұмысшы топтың жетекшісі аудан әкімінің орынбасары Жалғас Оңғарұлы бастаған топ мүшелері аудан орталығындағы ірі сауда орындарын, сондай-ақ ет және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатумен айналысатын кәсіпкерлік нысандарды аралап, баға қалыптастырудың заңдылығы мен талаптарға сәйкестігін тексерді.
Аралау барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша сауда үстемесінің негізсіз көтерілмеуі, делдалдық тізбектің сақталуы және өнім бағасының қолжетімді деңгейде болуы басты назарға алынды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілеріне қолданыстағы заңнама талаптары кеңінен түсіндіріліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленетін сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауға тиіс екені ескертілді. Аталған талаптар бұзылған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша тиісті шаралар қолданылатыны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімдігінің бастамасымен өткізілген бұл бақылау жұмыстары тұрғындарды қолжетімді бағамен азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге және нарықтағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
Қазалы ауданы әкімдігі






