Экологиялық мәселелерді талқылауға Сыр еліне жұмыс сапарымен келген Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еділ Жаңбыршин мен Мархабат Жайымбетов «Хуанрань Медикал» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, «Майжике Инвестмент менеджмент» компаниясының басқарма төрағасы Лю Бо, аталған компанияның тең төрағасы Юй Шимао, «Иньцзян Эко-пром» компаниясының басқарма төрағасы Е Вэйумен бірге өңірдегі әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Меймандар «Отбасы», «Өнер», «Анаға тағзым» орталықтары мен «Сыр жұлдыздары» шығармашылық академиясы жұмысымен танысты. Отбасы орталығында неке қию рәсімделіп ғана қоймай, жастардың жұбайлық өмірге бейімделуіне, денсаулығын сақтауына, жұмыспен қамтылуына, тұрғын үйге кезекке тұруына, ұлттық салт-дәстүрді сіңіруіне жәрдемдеседі. Мұнда Жастар денсаулығы, «Анаға тағзым» орталықтары, «Отбасы» банкі, «Бақытты отбасы» жұмыспен қамту орталығы келушілерге қызмет көрсетеді.
«Анаға тағзым» орталығы барша аналардың құрметіне арналып, 1,7 млрд. теңге жеке кәсіпкердің демеушілігімен салынған. Қазіргі таңда орталықта Мемлекет басшысының креативті индустрияны жан-жақты дамыту жөніндегі тапсырмасына сай «Әйелдердің креативті индустрия орталығы» жұмыс жасайды.
«Сыр жұлдыздары» шығармашылық академиясы ғылым, спорт, өнер, цифрлық және басқа да заманауи бағыттар бойынша қарқынды жұмыс жасайтын академия. Бір уақытта 500, тәулігіне 3000-ға жуық оқушыны үйірмелермен қамти алады.
Аталмыш нысанда соңғы үлгідегі спорт, фитнес залы, жүзу бассейні, ауладағы футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, рототехника, ораторлық өнер және өзге бағыттағы сыныптар оқушыларға қызмет етуде.





