Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай облысқа жұмыс сапарымен келіп, бірнеше әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің тыныс-тіршілігімен танысты. Мамандардың ұсыныс-пікірін саралап, олардың іс-тәжірибесіне назар аударды.
Алдымен Талсуат елді мекенінде орналасқан арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығына барды. Бұл мекеме 1994 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Жаңа ғимарат 2012 жылы пайдалануға берілген. Қазір орталықта 117 бала ем алып жатыр. Олардың қатарында Сыр өңірінен өзге Ақтөбе облысынан бір жеткіншек бар. Орталықта қызмет алушыларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша 7 бағытта жұмыс жүргізіледі. Атап айтқанда, балалардың жеке қажеттілігіне қарай тұрмыстағы тыныс-тіршілігін, олардың жеке күйін ескере отырып денсаулығын қолдау және жақсарту, психологиялық жай-күйін түзеуді көздейтін медициналық және психологиялық қызмет бағытында жұмыстар атқарылуда.
Ал ересектерге арналған оңалту орталығы 150 адамға арналған. Онда бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар, егде жастағы адамдарға қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ басқа қаладан келген қызмет алушыларға тәулік бойы, жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Вице-министр жұмыс сапары барысында өзге де әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты. Жергілікті тұрғындармен жүздесіп, жеке қабылдау өткізді.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





