Елімізде әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандардың қасынан табылып, әркез көмек қолын созатын мамандық иелері – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері. Жыл сайын сала қызметкерлері өз кәсіби мерекелерін қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтеді.
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсетті.
– Әдетте жалғызбасты жандар, көп балалы аналар, аз қамтылған азаматтар, мүгедектер мен жетімдер көмекке мұқтаж. Мұндай адамдар тек материалдық қана емес, сонымен қатар адамзат жылуын, қамқорлығын, жылы сөздерді қажет етеді. Бұл ретте әлеуметтік қызметкерлер, Сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Бүгінгі мерекенің атап өтілуі де жанқиярлық еңбектеріңізбен тынымсыз қамқорлық жасап отырған Сіздерге деген шынайы құрметтің белгісі, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Аудан басшысы сонымен бірге, Қазалыда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бірқатар қызметкерлерді облыс және аудан әкімі, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының «Алғыс хаттарымен» марапаттады.
Салтанатты шарада әлеуметтік қорғау жүйесі саласының ардагері Жаппарберген Жалғасбаев құттықтау сөз сөйлеп, игі тілегін білдірді.
Әлеуметтік сала қызметкерлерінің мерейін үстем еткен көңілді кеште өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<