Әр отаның жауапкершілігі зор – қызылордалық хирург

6375

0

Фото: Қызылорда облыстық көп бейінді ауруханасы

Сырқаты жанына батқан талай науқасты ажалдан арашалап алып қалған хирург мамандары «Қолы алтын дәрігер» деп жатады. Жауапкершілігі өте үлкен дәрігер мәртебесі биік болуына үлкен үлес қосып жүрген мамандық иелері қандауырдың жүзімен дерті жанына батқан қаншама адамның алғаусыз алғысына бөленді. Осы орайда Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасында хирург қызметін атқарып жүрген Әсет Әбутәліпұлы Жалмағанбетовті әңгімеге тартқан едік.

– Аса жауапты хирургия саласын таңдауыңа не себеп болды? 

– Бұл салаға бала жасымнан қызығатын едім. Теледидардан ақ халатты киіп, ота жасап жатқан дәрігерлерді көргенде олардың жұмысын ерекше қызығатынмын. Сол арман жетегімен медицина саласы маманы болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Мектепте оқып жүргенде сабақты жақсы оқыдым. Әсіресе, биология, химия пәндеріне қызығушылығым ерекше еді. Сондықтан аталған пәндерді тереңдете оқуға ықыласым артты. Алматы қаласы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне грантқа оқуға түсіп, білікті мамандардан дәріс алдым.

– Еңбек жолың қалай жалғасты? 

– 2012 жылы Қазақ ҰМУ-нің «Емдеу ісі» мамандығын бітірдім. Одан кейін Қызылорда қаласындағы облыстық медицина орталығында «Жалпы хирург» мамандығы бойынша интернатураны тәмамдадым. Содан кейін аталған орталықта қабылдау бөлімшесінде дәрігер-хирург болып еңбек жолымды бастадым. Былтырдан бастап орталықта хирургия №1 бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарудамын. 2017 жылы Алматы қаласы А.Сызғанов атындағы ұлттық-ғылыми хирургия орталығында «УДЗ бақылауымен кіші инвазивті әдістер» тақырыбында маманданудан өттім.

– Еліміздегі хирургия саласының дамуы жөнінде не айтасың? Әлем бойынша қандай деңгейде деп бағалайсың?

– Еліміздің хирургия саласының даму деңгейі әлемдегі дамыған елдермен шамалас. Ол жақтарда да жасалып жатқан ота түрлері бізде де жасалуда. Облыстағы хирургия саласының даму деңгейін республикада алдыңғы орындарда деп санаймын. Қазір біздің ауруханада Сызғанов атындағы ҰХҒО-та қызмет атқарып, алыс-жақын шетелде білім алып, көптеген жаңа ота түрін меңгерген тәжірибелі мамандар басшылық қызмет атқарады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыс хирургиясы тың серпін алды. Нәтижесінде жаңа ота түрлерін сатылы түрде енгізіп жатырмыз. Жергілікті дәрігерлер Алматы қаласы Сызғанов атындағы ҰХҒО, шетелдік ауруханалармен тығыз байланыста еңбек етіп келеді. Аталған әріптестермен тәжірибе алмасып, жан-жақты жасалған үлкен ашық ота, кіші инвазивті жолмен жасалатын ота түрлері ауруханаға енгізілуде. 

Еңбек жолымда алғашқы жасаған аaппендэктомия отасы ерекше есімде қалыпты. Соқырішекке байланысты жасалған отаны облыстық медицина орталығында 2012 жылы жасадым. Бүгінде күніне орташа есеппен 4-5 ота жасалуда. Ол аптасына шашамен 10-15 отаға жетеді. Олардың 90 пайзы кіші инвазивті жасалады, яғни лапароскопиялық жолмен жасалды. 

– Қазақ халқында «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Көпшілік тарапынан денсаулық сақтау барысында қандай кемшіліктерге жол беріледі? Азаматтарға қандай кеңес айтар едің?

– Рас, бізде денсаулыққа салғырт қарайтын азаматтар аз емес. Кез келген дерттің алдын алуға болады. Дегенмен оған немқұрайдылық танытып, сырқат жанына қатты батқанда дәрігерге жүгінеді. Кейбір сәтте бәрі кеш болып жатады. Біз мейлінше, науқастың дерттіне дауа іздеп, адам жанының арашашысы боламыз. Көпшілікке «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» дегенді тағы бір мәрте ескерткім келеді. Оның жолы қандай? Ең бастысы, құнарлы тамақтану мәселесі. Әрбір ішкен асың денсаулығыңа зияны бар ма, пайдасы қандай дегенге назар аудару қажет. Өкініштісі, қазір оған мән бермейтін азаматтар көп. Соның салдарынан түрлі ауруға душар болып жатады. Сондай-ақ спортпен шұғылдану үнемі сергек жүруіңе оң әсерін тигізеді.

– Қазір ауруханада нендей жаңашыл жобаларға мән беріліп келеді. Олардың денсаулық сақтау саласын дамытуға ықпалы бар ма?

– Орталықта науқастарға кіші инвазивті технологияны пайдаланып, лапароскопиялық операцияларды кеңінен орындалуда. Қазіргі таңда лапароскопиялық аппендэктомия, холецистэктомия, шап жарықтары кезінде лапароскопиялық герниопластика ТАРР, асқазан және 12 елі ішек тесілген ойық жарасын лапароскопиялық тігу, панкреонекроз кезінде лапароскопиялық кіші шарбы майды ашу секілді жаңашыл істерді қолға алып отырмыз. Оған қоса дренаждау, механикалық сарғаю кезінде лапароскопиялық бауыр арқылы холецистостома орнату және УДЗ және ИОХГ бақылауымен тері-бауыр арқылы холангиостомия, лапароскопиялық бауырдың эхинококэктомиясы, жатырдан тыс жүктілік кезіндегі лапароскопиялық тубэктомия және туботомия жасалады., Одан басқа да көптеген отаны орындаймын. Санитарлық авиация арқылы аудандық ауруханаларда жоспарлы және жедел ота жасаудамыз. Осындай еңбегімнің арқасында 2016 жыды облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Мақтау грамотасымен» марапатталдым. 

– Еңбек жолында қандай азаматтарды ұстаз ретінде бағалайсың?

– Еңбек жолымда көптеген білікті маманнан тәлім алдым. Сондықтан үлгі тұтатын ұстаздарым көп. Ол азаматтар менің жақсы маман болып қалыптасуыма жол сілтеді. Олардың қатарында облыс хирургиясын республикалық деңгейге көтерген білікті азаматтар көп. Мәселен, елімізде көптеген хиурргия саласының профессорларын тәрбиелеген Абдулла Шүленбаев, облысқа танымал хирургтар Нуриддин Әмитов, Бекет Мантаев, Вероника Цой, Бауыржан Куанышбаев сынды мамандарды ерекше құрметпен атаймын. Сондай-ақ, Қазақстан хирургиясын әлемге танытқан Болатбек Баймахановқа алғыс айтамын.

– Әңгімеңе рақмет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<