«Әр қадамын аңдып, күні-түні маза бермеді»: Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы қыздың жақындары сұмдық жайттардың бетін ашты

14

0

Фото: Марқұмның жақындарынан алынды

Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы қыздың ағасы желіде жағдайға қатысты үн қатты. Сондай-ақ қыздың танысы жағдайдың мән-жайын баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Күдікті қарындасымның ізінен қалмай қойған»

Марқұм қыздың ағасы Сұлтан Серікбай мән-жайды Threads желісіндегі парақшасында жазды.

«Шынымызды айтсақ, қан жылап отырмыз. Әр жаңалықты оқып отырамыз. Қолдау көрсетіп отырған жандарға рақмет айтамыз. Қазір қолымыздан сол («адамға» деген сөзді айтуға қимай отырмын) ең жоғары жазаны беру ғана келеді. Қысқаша айтқанда қарындасым ең ақылды, сабырлы, тұйық, жуас қыз болғандықтан барынша басынған. «Жоқ» деген сөзді түсінбеген. Сталкер болған», – деп жазды ол.

Сондай-ақ марқұмның ағасы көпшіліктен қолдау білдіруді сұрады.

«Бұл оқиғаны бүкіл жерге таратып, қолдауларыңызды сұраймыз (әділ шешім шығаруға). Қазір бізге артық сөз сөйлеуге, жазуға болмайды. Өйткені кейін арғы жақтың адвокаттары тырнақ астынан кір іздейді. «Сот процесі» әділ өтеді деген сенім бар. Бәрімізге сабыр мен жүрек тыныштығын берсін», – деп жазды ол.

Күдікті қызға «Мені темір торға қамай алмайсың» деп айтқан

Ал желіде #Нұрайүшін хэштегі пайда болып, қазақстандықтар жаппай резонанс тудырып жатыр. Жалпы істің мән-жайын Айым есімді Threads қолданушысы баяндады. Оның сөзінше, марқұм қыз күдікті Аймахан Шерханмен былтыр жаз айында тойда танысқан. Осыдан кейін күдікті бойжеткеннің соңынан қалмай қойған көрінеді.

«Күдікті Аймахан Шерхан Нұрайды «Мені темір торға қамай алмайсың» деген сөзбен қорқытқан. Марқұм Нұрай күзгі семестр басталғалы бұрынғыдай күліп-жайнап жүрмейтін болды. Оған Аймахан Шерхан себеп. Олар жаз мезгілінде тойда танысып, бастапқыда артынан қалмай көңіл білдіріп жүрген. Алайда уақыт өте келе Нұрайға психологиялық қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасай бастаған. Ақырында, қыздың да, ата-анасының да айқын қарсылығына қарамастан, Нұрайды Алматы қаласынан Шымкентке күштеп алып қашқан», – делінген жазбада.

Десе де марқұм Нұрайдың туыстары қызды ол үйден алып кеткен.

«Қызды күдіктінің үйінен туыстары алып кеткенімен, осы оқиғадан кейін Нұрайдың өмірі тозаққа айналды. Аймахан Шерхан ұзақ уақыт бойы сталкингпен айналысты. Нұрай оның нөмірін бұғаттаған кезде, құрбыларына жазған. Құрбыларына қайта-қайта мазалап хабарласып, әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы Нұрайдың әр қадамын аңдыған. Нұрай бұл әрекеттерді скриншоттап, дәлел ретінде жинаған. Алайда полицияға арыз жазған кезде, оның арызы тиісті түрде қарастырылмаған», – дейді желі қолданушысы.

Марқұм қыз полицияға арыз жазған кезде, күдікті оған «мені темір торға қамай алмайсың» деп айтқан екен.

«Қылмыскердің өзі ашық түрде: «Мені темір торға қамай алмайсың» деп айтқан. Ол Нұрайдың сабақ кестесін анықтап, оқу орнына келіп, қорқытып-үркітіп жүрген. Айтқан сөздері мен жазбалары оның психикалық тұрғыдан қауіпті тұлға екенін айқын көрсеткен. Қатты қорыққан қызды сабаққа ағасы алып барып, күтіп алуға мәжбүр болған. Өкінішке қарай, барлық ескерту белгілеріне, дәлелдерге, арыздарға қарамастан, бұл іс құзырлы органдар тарапынан уақытында тоқтатылмады. Нәтижесінде бұл оқиға қасіретті аяқталып, Нұрай Аймахан Шерханның қолынан қаза тапты», – дейді Айым есімді қыз.

Сондай-ақ ол құзырлы орган өкілдерінен істі әділ тергеп, дұрыс шешім шығаруды сұрады.

«Біз қылмыскерге Қылмыстық кодекс бойынша: Алып қашу (мәжбүрлі некеге итермелеу); Сталкинг; Қоқан-лоқы көрсету; Адам өлтіру баптары толық көлемде қолданылып, ең жоғары жаза тағайындауды талап етеміз. Сонымен қатар Нұрайдың арызын қабылдамаған, тиісті шара қолданбаған полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, олар да жауапкершілікке тартылсын. Бұл бір адамның емес, бүкіл қоғамның қайғысы. Бұл еленбеген арыздың, қорғалмаған қыздың, жұмысын атқармаған жүйенің салдары. Нұрайдың қаны әділдік сұрап тұр», – деп жазды ол.

«Кей адамдардың Нұрайды кінәлағаны жаныма батты»

Сондай-ақ марқұм Нұрайдың құрбысы да жағдайға үн қатты.

«Қайтыс болған қыз менің бала кезден бергі құрбым, Серікбай Нұрай. Ол 2004 жылы туған, небәрі 21 жаста еді. Өмірі енді ғана басталған, арманы, жоспарлары бар, болашағы алда тұрған жас қыз кісі қолынан қаза тапты. Мәліметке сәйкес, оның денесіне 8 жерден пышақ сұғылған. Мұны қалайша «оқыс жағдай» немесе «жай жанжал» деп атауға болады? Бұл айуандық, қатыгездік. Кей адамдардың Нұрайды кінәлап, «өзі себеп болды», «өзі сондай болған» деп айтуы ауыр тиді. Ақиқатын толық білмей жатып, өмірден өткен адамның артынан осындай ауыр сөз айту үлкен күнә», – дейді қыз.

Марқұмның құрбысы Нұрай мектепті үздік оқығанын, тәрбиелі, ұяң қыз болғанын айтты.

«Нұрайды бала кезінен білемін. Мектепті үздік бітірді. Ешқашан жаман әдеттерге, зиян ортаға әуес болған емес. Өте жуас, ұяң, тәрбиелі қыз еді. Қолынан келсе, біреуге көмектескісі келіп тұратын, жүрегі таза, ниеті түзу қыз болатын. Нұрай күдіктіге «жоқ» деп, қарым-қатынастан бас тартқан. Өз шекарасын қорғаған. Бірақ дәл сол «жоқ» деген жауабы үшін ол қысымға, қудалауға, соңында зорлыққа ұшыраған болуы мүмкін. Нұрай мұндай тағдырға лайық емес еді. Оның атына, абыройына, рухына тіл тигізбеңіздер. Өлген адам өзін қорғай алмайды. Бірақ біз оны танығандар, оның шындығын айтуға міндеттіміз», – деп жазды марқұмның құрбысы.

Айта кетейік, бұған дейін 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Аталған факті бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Марқұм – студент Нұрай Серікбай. Оны 11 қаңтар күні кешке Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында пышақтап кеткен. Бейнежазба кадрларынан қыздың қашуға тырысқанын, кейін қарсылық көрсетіп, ал жігіттің оны ұрып-соғып, пышақ сұққанын көруге болады. Оқиғадан соң күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.

Нұрай ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Оның екі ағасы бар, өзі отбасының кенжесі болған. Жақындары марқұмның денесін мәйітханадан алып, Түркістан облысындағы Төрткөл ауылына жерлеу үшін алып кетті.