«Әр жолаушыға жауаптымыз»

97

0

Сахавадин Тұрлығұловтың жүргізуші ретінде 20 жылға жуық тәжірибесі бар. Соның кейінгі екі жылында «Қызылорда автобус» ЖШС паркінде жұмыс істеп келеді. Жауапкершіліктен қашпай, тиянақты болғаны үшін жуырда басшылық бригадирлік қызметке қойған. Таңғы сағат 5-те рульге отырғаннан, түн жарымына дейін бел жазбайды. Қиын болғанымен, ол еңбек етуден қашқан емес.

Қалада күніне 280 автобус ха­лыққа қызмет көрсетеді. Олар бір­неше мың адамды діттеген жеріне жеткізеді. Бірақ көпшілікпен тү­сі­нісіп, жұмыс істеу оңай шаруа емес. Сабыр мен кәсібилікті қажет етеді. 

– Мен №1 бағытты авто­бусты тізгін­деймін. Со­нымен қатар осы бағытқа жауапты бригадирмін. Екі кезекшілікте әрқайсысында 12 жүр­гізушіден бар. Олардың рет­тілікпен жұмысқа қосылатын күн­дерін бел­гілеп, қарап отырамын. Өзім де автобус жүргіземін. Бри­гадир бол­ғаныммен, мен де жүр­гізушілер се­кілді жұмыс істеймін. Әрине, бізде жұмыс күні ерте бас­талады. Үйден таңғы төрт жарымда шығамын. Автобусты жолға дайын­даймын. Ең алдымен диспетчерге куәлігімізді көрсетіп, жол парағын алғаннан кейін медициналық бақы­лаудан өтеміз. Дәрігерлер жүргізу­шілердің қан қысымын өлшейді. Сондай-ақ ішімдік ішпегеніңді анықтайды. Келесі кезекте механик мамандары авто­бустың техникалық жағдайына назар аударады. Жүруге жарамдылығы анық­талғаннан кейін автобустың таза­лығына мән бе­ріледі. Оның ішкі тазалығына да өзіміз жауаптымыз, – дейді ол.

Біз автобус жүргізушісінің күн­делікті жұмыс ырғағына көз салып көрдік. Жолаушылар тасымалы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бір күнде 4-4,5 айналым жасап, 400-450 жолаушыға қызмет көрсетеді. Сахавадин жүргізетін №1 бағытты автобус «Қызылжарма» ауылынан шығып, сол жағалау арқылы темір­жол вокзалына қатынайды. Сол аралыққа бір жарым сағат уақыт жұмсайды.

– Жүргізушілерге үлкен жауап­­кершілік жүктелген. Қаншама адам болса, олардың түрлі мінезі бар. Кейбірі үйінен әлденеге ашу­ланып шығады. Көңіл-күйі болмай отыр­ғанын байқайсың. Тіпті авто­буста қасында отырған адаммен сөзге келіп жатады. Оларды сабырға келтіріп, межелі жеріне жеткенге дейін тәртіп сақтауға шақырамыз. Әр жолаушының баратын жеріне аман-сау жетуіне  жауаптымыз.

Бізде қызметкерлер мен жұмыс­шыларға жақсы жағай жасалған. Жаз айларында санаториялық дема­лыс орнына жолдама беріледі. Түр­лі мерекелерде ұжымда іс-шаралар өтеді. Басшымыз Әбдібәкір Ибра­гим­ұлы ұжымның ұйытқысы бо­лып, әр­біріміздің ұсыныс-пікірі­міз­ге құ­лақ түреді, –  дейді бізбен әңгіме­сінде.

Жұмыс барысында міндетін жо­ғары деңгейде атқаруға мән беріп жүрген Сахавадин Мансұрұлы се­кілді мамандар аз емес. Тәулік бо­йына халыққа қалтқысыз қызмет жасауды абыройлы міндет санай­тын еңбек адамдары қандай құр­метке де лайық.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»