Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудандағы құрылысы саласының мамандары және құрылысшылардың қатысуымен мәжіліс болып өтті.
Жиынға Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Ғанижан Піртазаұлы Қалиев қатысып, аудан аумағындағы құрылыс нысандарының сапасына қатысты бақылау жұмыстарының нәтижесімен бөлісті.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес ауданда салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасын бақылау, мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында аудан аумағындағы барлығы 17 құрылыс нысаны тексерілген. Оның 7-еуі жол құрылысы болса, 7-еуі әлеуметтік маңызы бар нысандар. Ал қалған 3 нысан инженерлік желілер бойынша.
Бақылау қорытындысына сәйкес барлық нысанның техникалық талаптары заңдылыққа сай жүзеге асырылып жатқаны айтылды.
Жиында әсіресе «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы және қаладағы темір жолдың үстінен өтетін көпір құрылысының сапасына қатысты бақылау жұмыстары күшейтілетіні сөз болды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сатып алынатын 150 пәтерлі 75 тұрғын үйдің сапасына қатысты да кемшілік болмау керек.
Бұдан бөлек, көпшіліктің көкейінде жүрген инженерлік-инфрақұрылым желілері, яғни көгілдір отынмен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу мен салу, абаттандыру, ауыз су және тағы да басқа маңызды мәселелер бойынша тиісті бақылау жұмыстары жүргізілген.
Мәжіліс барысында жиынға қатысушылардан құрылыс саласына қатысты ой-пікір, ұсыныстар айтылып, аудан әкімі А.Оңғарбаев көтерілген мәселелерге сәйкес ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді.
Сондай-ақ әрбір құрылыс нысанының сапасы мен уақытылы қолға алынуы жіті бақылауда болатынын атап өтті.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<