«Ақорда» резиденциясында Әзербайжан Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Екі елдің әнұрандары орындалған соң президенттер келіссөз залына барды.
Мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа назар аударды. Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Мемлекеттер басшыларына қазақ-әзербайжан мамандарының Орта дәлізді дамыту бойынша атқарып жатқан жүйелі жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Қазақстан Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова Орта дәлізді дамыту жоспарын таныстырды. Бұл – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыт.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке Қытайдан Әзербайжанға тасымал көлемінің ұлғаюы Орта дәліздің дамуына тың серпін бергені жөнінде баяндалды. Бүгінде жүк Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15-18 күнде жеткізіледі. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін.
Мемлекеттер басшыларына Орта дәліздің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, сондай-ақ Еуразиядағы транзиттік рөлін нығайтуға бағытталған нақты шаралар және бастамалар туралы айтылды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде көлік, логистика, цифрландыру, отын-энергетика кешені, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысы мұндай формат Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының ерекше сипатын паш ететінін атап өтті. Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Жалпы, Әзербайжан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, жасанды интеллект, өнеркәсіптік меншік, денсаулық сақтау, статистика салаларындағы және мәдени-гуманитарлық байланыстар бағытындағы ынтымақтастық жөнінде 15 құжатқа қол қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екіжақты келіссөз және Қазақстан-Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Мемлекеттер басшылары келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге баса мән берді. Екіжақты тауар айналымын жақын арада еселеп, оны бір миллиард долларға дейін жеткізу үшін қажетті шаралар қабылдауға уағдаласты.
– Ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, цифрландыру салаларында мүмкіндігіміз мол. Қос тарап бірлескен кәсіпорындар құруға ниет танытты. Бұл мәселеде айтарлықтай алға жылжу бар. Мәселен, трансформатор өндірісін іске қосу жоспарланған, тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде, кеме жасау саласында ортақ жоба пысықталып жатыр. Үкіметтерге осы бағыттарды бақылауда ұстап, қысқа мерзім ішінде Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жоспарын (немесе жол картасын) қабылдау тапсырылды. Өзара тиімді жобаларды қаржыландыру мақсатында Қазақстан-Әзербайжан тікелей инвестиция қорының қызметін жандандыруға келістік. Екі елдің іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі кеңейту қажеттігіне назар аудардық. Осы ретте сапар аясында өтіп жатқан Қазақстан-Әзербайжан бизнес форумының маңызы зор, – деді Президент.
Мемлекет басшысы келіссөздер кезінде ірі инфрақұрылымдық, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары секілді стратегиялық тұрғыдан маңызды жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылғанын жеткізді.
– Былтыр бұл бағытта жүк тасымалдау көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаны құрады. Биылғы көрсеткіштер де көңілге сенім ұялатады, өсім 2 пайызды құрады. Шетелдік серіктестермен бірге шектеулерді жойып, дәліз бойында бірыңғай ұзақ мерзімді тариф орнатуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл барлық бағдар бойынша кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз етіп, тиімділікті көтеретіні сөзсіз. Яғни жүк тасымалының көлемін жоспарға сәйкес 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, порттардағы терминалдардың қуатын арттыруға назар аударылды. Қазақстан Ақтауда контейнерлік хаб құрылысын жүргізуде. Шетелдік, соның ішінде қытайлық серіктестердің қатысуымен Алят портында салынып жатқан жүк терминалының келешегі зор. Келіссөз барысында жүк экспортына арналған жаңа Транскаспий паром жүйесін құру мүмкіндігін талқыладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздерде энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды тақырыптың бірі болды. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті мол.
– Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау жөніндегі бірлескен жұмысты ерекше атап өткім келеді. Былтыр Әзербайжан арқылы бұл стратегиялық шикізат транзиті бір жарым миллион тоннаға жуықтады. Жақын арада мұны айтарлықтай ұлғайту қажет. Теңіз табанына төселетін электр кабельдері жобасы ұлттық энергия жүйесін дамытуға серпін береді. Бұл біздің «жасыл» энергия экспортындағы позициямызды күшейте түседі. Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық уран өнімдерін шетел нарықтарына жеткізу аясында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы орайда барлық негізгі бастамалар мен жобаларға қолдау көрсеткені үшін құрметті Әзербайжан Президентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Мемлекеттер басшылары жасанды интеллектінің қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, ІТ сектор екіжақты қатынастарға мол мүмкіндік ашатынына тоқталған.
– Қазақстан мемлекеттік қызметті цифрландыруда, ІТ технологияларды дамытуда тәжірибе жинақтады. Біз осы салада бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Келіссөздер барысында Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасын жеделдетудің маңызын атап өттік. Үкіметтерге оны қысқа мерзім ішінде әзірлеу жөнінде тапсырма берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екіжақты күн тәртібінде мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастық ерекше орын алады.
– Кейінгі жылдарда екі елде алма-кезек өткен Қазақстан мен Әзербайжанның Мәдениет күндері және Кино күндері айтулы оқиғаға айналды. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіру үшін Мәдени ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауға уағдаластық. Білім мен ғылымды, жастар байланысын дамытудың перспективасы мол екеніне арнайы тоқталдық. Осы мақсатта Бакуде былтырдан бері Қазақстан-Әзербайжан ғылым және білім орталығы қызмет етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.
– Біз халықаралық саясаттың барлық өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ұқсас екенін атап өттік. Көпжақты құрылымдар аясындағы жұмысты үйлестірудің маңызына мән берілді. Өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ұмтылатынымызды жеткіздік. Баршаңызға белгілі, Президент Ильхам Гейдар оглу Әлиев Президент Трамптың белсенді араағайындығымен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт декларацияға қол қойып, тарихи миссиясын орындады. Қазақстан мұны ресми түрде құптады. Қол жеткізілген келісімдер Оңтүстік Кавказдағы сенімді нығайтып, жалпыға ортақ өркендеу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Жалпы, сапар қорытындысы бауырлас халықтардың игілігі үшін стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға қос тарап та дайын екенін айқын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев екіжақты байланыстардың жоғары деңгейіне назар аударды.
– Халықтарымызды ортақ рухани-мәдени құндылықтарға арқа сүйеген, ғасырлардан тамыр тартатын достық пен бауырластық қатынастар байланыстырады. Бұл – біздің мемлекетаралық ынтымақтастығымыздың берік іргетасы. Соңғы үш жылда бір-бірімізге оннан аса сапар ұйымдастырдық. Ықпалдастығымыздың қаншалықты қарқынды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Әрбір кездесу, әрбір талқылау түпкі нәтижені көздейді. Бүгін біз салалық министрліктердің есебі мен келешек жоспарларын тыңдадық. Жұмыс қорытындысына көңіл толады. Өйткені белгіленген міндеттердің бәрі орындалып жатыр. Мемлекетаралық кеңес аясында қол жеткізілген келісімдер халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді, – деді Әзербайжан Президенті.
Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барды. Орталықта Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану жетістіктерімен танысты.





