Әрбір облыста жұмыспен қамтудың өңірлік картасы әзірленеді

721

0

Фото: ашық дереккөз

Әрбір облыста жұмыспен қамтудың өңірлік картасы әзірленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аудандарда 204 жұмыспен қамту орталығы бар. Өңірлік нарық бүкіл облысты қамтитындығына қарамастан әрбір аудан өз аумағындағы мәселелермен ғана айналысады. Сондықтан облыстық деңгейде бүкіл облыстың жұмысын біріктіретін, бұрынғы жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын үйлестіретін және әр өңірдің ерекшеліктеріне орай өңірлік еңбек нарығын реттейтін Еңбек ұтқырлығы орталықтары құрылады», – деді Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген министр.

Мәселен, оның дерегінше, еліміздің оңтүстігінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, ал Астана мен Алматы қалаларында жастар көп. Осыған орай облыс жұмыспен қамтудың өңірлік картасын әзірлейді. Ал Жұмыспен қамту орталықтарының қызметі өзгеріп, олар Мансап орталықтары деп аталатын болады.

«Егер олардың негізгі қызметі адамдарды тіркеп, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын бағыттау болса, енді бұл қызметті электронды еңбек биржасы толығымен өзіне алып отыр. Енді олардың негізгі міндеттері қандай бос орындардың бар екендігін, қандай орындар пайда болуы мүмкіндігін анықтау үшін жұмыс берушілермен байланысу болмақ. Екінші – жұмысқа қабілетті жастағы халықпен тікелей жұмыс істеу», – деді Тамара Дүйсенова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<