Әріптестікке жол ашық

83

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларымен бірге Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен кездесті.

Басқосуда аймақ басшысы Арал теңізінің ахуалы тек бір өңірдің немесе бір елдің ғана емес, әлемге ортақ, жаһандық экологиялық мәселе екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021-2025 жылдары Арал теңізінің құр­ғаған табанындағы 1 миллион 100 мың гектар аумаққа кли­матқа бейімделген өсімдіктер егіп, ормандандыру көлемін ұлғайтуды тапсырған болатын.

2021-2024 жылдары 659 мың гектарға сексеуіл көшеті егілді. Қалған 441 мың гектар жердегі жұмыс жыл аяғына дейін жалғасады. Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақ­сарту, қоршаған ортаны қорғау бағытында шет мемлекеттер және халықаралық ұйым­дар­дың қолдауымен де ауқымды жұмыс атқарылуда.

Құрғаған теңіз табанындағы құм көшкінін тоқтату үшін Германия, Оңтүстік Корея, Америка Құрама Штат­тары­ның, ірі халықаралық ұйымдар және қорлардың қолдауымен 73 мыңнан астам гектар жерге сексеуіл көшеті отырғызылды. Бұдан бөлек, биыл Дүние­жүзілік банк есебінен 441 млн теңгеге аумағы 33,5 гектар орман тұқымбағы пайдалануға берілді. Бұл әлемдік қауымдас­тықтың Арал теңізі мәселесі­не бейжай қарамайтынын көр­сетті. Сондай-ақ достық байла­ныстардың жолға қойыл­ғанының дәлелі деп білеміз.

Ауқымды жобалар Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалуға, су құрамындағы тұз мөлшерін азайтуға мүм­кіндік туғызды. Бұл балық шаруашылығының дамуына оң серпін берді. Мәселен, 2004 жылы 400 тонна, 2024 жылы 6 мың тоннаға жуық балық ауланды. Біз осы бағытта әріптестік орнатуға, бірлесіп жұмыс атқаруға әрқашан дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Кездесуде Дүниежүзілік Ден­саулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақтық бюро­сы­ның директоры Робб Батлер әріптестікке жол ашық екенін жеткізді.

Айта кетейік, 15 қыр­күйектен бастап Арал теңізі дағдарысының денсаулық пен қоршаған ортаға әсерін бағалау үшін Біріккен Ұлттар Ұйы­мының арнайы делегациясы өңі­рімізге жұмыс сапарымен келген болатын. Елдік миссия өкілдері теңіздің жағдайымен танысып, өңір халқының ден­сау­лығына әсер ететін негізгі факторларды анықтауға, қауіп-қатерлерді жоюға қатыс­ты арнайы форум өткізді.

Форум алаңында үкімет­аралық жұмысшы топ өкілдері Арал өңірінің климаттық жағ­дайын, қоршаған ортаның денсаулыққа әсерін бағалап, осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жобаларын кеңінен талқылады.

«СБ» ақпарат