Әскерде тамақтану жүйесі цифрландырылып, мәзір кеңейтілді

6

0

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілерді тамақтандыру жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа стандарттар енгізіліп жатыр.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңартудың негізгі элементтерінің бірі – әскери қызметшілерге бірнеше тағамның ішінен таңдау жасауға мүмкіндік беретін «швед үстелі» қағидаттарын енгізу.

Жаңа модель бойынша сарбаздар күн сайын бірнеше түрлі бірінші және екінші тағамнан өз қалауы бойынша таңдай алады. Бұл ретте азық-түлік пайының құны өзгермейді. Жүйе тағам дайындау мен тарату процестерін оңтайландыру есебінен іске асырылады.

Қазіргі уақытта әскерді тамақтандыруды 40 мыңнан астам әскери қызметшіні қамтитын 23 қызмет көрсетуші қамтамасыз етеді. Оның ішінде мерзімді қызмет сарбаздары, курсанттар мен кадеттер бар. Сонымен қатар конкурс нәтижесінде 11 жаңа жеткізуші анықталған.

Тамақтандыру жүйесі ұзақ мерзімді форматқа көшірілмек. Келісімшарттар үш жылға жасалып, конкурс рәсімдері толықтай электрондық форматқа ауыстырылады. Бұл ашықтықты арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Тамақ сапасын жақсарту үшін 300-ге жуық бақылау және көрсетілімдік тағам әзірлеу рәсімі ұйымдастырылып, аспаздарға арналған оқыту шаралары өткізілген.

– Біз тамақтануды ұйымдастырудың заманауи моделіне көшудеміз. Негізгі назар әскери қызметшінің қажеттілігіне аударылады. «Швед үстелі» элементтері тағамның әртүрлілігін арттырып, сарбаздарға таңдау мүмкіндігін береді, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Сондай-ақ әскери қызметшілердің пікірлері ескеріліп, бөлімшелерде анонимді сауалнамалар жүргізілген. Нәтижесінде мәзір қолданыстағы нормаларды сақтай отырып жаңартылған.

Жаңашылдық аясында ұлттық тағамдарға да басымдық беріліп отыр. Әскери бөлімдерде «ұлттық тағамдар күні» енгізіліп, мәзірге мампар, қуырдақ, палау, ет және бауырсақ сияқты дәстүрлі ас түрлері қосылған.

Бұдан бөлек, далалық жағдайда тамақ сапасын арттыру және әскери аспаздар институтын дамыту жұмыстары қолға алынған. Аспаздар полигондарда азаматтық жеткізушілермен бірлесіп жұмыс істейді.

Қоғамдық бақылау да күшейтілген. «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті тамақ сапасын бағалау және жеке құраммен өзара іс-қимыл жасау процесіне қатысады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қабылданған шаралар әскери қызметшілерді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін әскерге шақырылушыларды іріктеу қалай жүргізіліп жатқаны хабарланды.