Әскери бөлімде Ашық есік күні: «Полиция – балалар қорғаны»

364

0

Фото: 5547 әскери бөлімі

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қызылорда қаласы Ұлттық Ұланның 5547 әскери бөлім базасында Ашық есік күні өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақ арасында құқықтық тәрбие беру, әскери-патриотық рухты нығайту және құқық қорғау органдарының жұмысын таныстыру болды. Студенттер әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен, әскери киім үлгілерімен, әскери техника және қару-жарақ түрлерімен танысты. Саптық алаңда оқушылар мен студенттерге арнап қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі өткізілді. Әскери қызметшілер қонақтарға заманауи атыс қаруының мүмкіндіктері, әскери техникалар мен қорғаныс құралдарының техникалық сипаттамалары туралы айтып беріп, балалардың қызығушылығын оята алды. Қонақтар үшін әскери қызметшілер саптық дайындық, қару қолдану және тактикалық жаттығулар бойынша көрсетілімдер өткізді.

Бөлімнің офицер-тәрбиешілері әскери өмір мен тәртіп туралы, сондай-ақ әскери қызметтің, жауынгерлік және оқу-жауынгерлік тапсырмалардың өту тәртібі туралы айтып түсіндірді.

Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлері студенттерге қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Караманов Берік Азаматұлы шараның маңыздылығын атап өтіп, жастардың әскери-патриотық рухын көтере отырып Ұлттық Ұлан академиясы жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Ашық есік күні әскери бөлім мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, жастарға патриоттық рух сыйлады.

Соңында аталмыш іс-шара қатысушылардың көңілінен шығып, әскери өмірге деген қызығушылықты арттырды.

Тұрсынай Шәрінова,

5547 әскери бөлімі

Қызылорда қаласы.