Солтүстік Македонияда жасөспірімдерге арналған Балқан математика олимпиадасында Сыр өңірінің өрені үздіктер қатарынан көрінді.
Ағзам Ермахан – Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 ер балаларға арналған білім-инновациялық лицейінің 9-сынып оқушысы. Ағзам олимпиадаға физика пәні бойынша қатысты. Осылайша үшінші орынды жеңіп алды. Ағзам бұған дейін республикалық пән олимпиадасының жалпы облыстық кезеңі бойынша алтын және республикалық пән олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ былтыр Қазақстан Білім олимпиадасында алтын алды. Ол – өте алғыр, көңілді және белсенді оқушы.
– Олимпиадада 4 тапсырма берілді. Соның ішінде ең соңғы тапсырмасы ғана қиындау болды. Қалған сұрақтар дайындық кезде орындаған тапсырмаларым болды, – деді Ағзам.
Одан бөлек, Ағзам күніне 4 сағат уақытын осы физика пәніне арнайтынын жасырмады. Физика пәнінен бөлек, зияткер әуен тыңдап, баскетбол ойнағанды жақсы көретінін айтты. Алдағы уақытта Ағзам «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білімін жалғастыруды жоспарлап жүр.
Айта кету керек, JBMO – 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған беделді халықаралық олимпиада. Қатысушы елдердің қатарында Албания, Болгария, Грекия, Румыния, Сербия және басқа да мемлекеттер бар. Биыл Қазақстан құрамасы командалық есепте 24 ел қатысушылары арасында біздің оқушыларымыз екінші орынды иеленді.
Қазақстан бұл додаға 2004 жылдан бері қатысып келеді және дәстүрлі түрде үздіктер қатарында. Өткен жылы Түркияда өткен олимпиадада команда 6 медаль жеңіп алған болатын.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».






