Агроөнеркәсіп саласында 11 инвестициялық жоба іске қосылмақ

428

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жыл сайын аграрлық саланы дамытуға мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетілуде. Нақтырақ айтсақ, биыл облыстың аграрлық саласына 18,5 млрд теңге қаржы бөлінсе, оның 14,0 млрд теңгесі субсидиялауға қарастырылған.

Осы мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы саласында 202,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,6 пайызға артты. Нәтижесінде, негізгі қорға 9,4 млрд теңге инвестиция салынды. Сондай-ақ, алдағы 3 жыл ішінде агроөнеркәсіп саласында өңделген өнім үлесін 70 пайызға ұлғайту мақсатынла 11 инвестициялық жоба қарастырылды. Бүгінде оның 8 жобасы жүзеге асырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов хабарлады.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында егіс түрлерін көбейту бағытында жұмыс жасау қажеттігін айтқан болатын. Бұл ретте аймағымызда әртараптандыру бағыты тиісті деңгейде қолға алынып, егін алқаптары ұлғайып келеді. Биылдың өзінде егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,8 мың гектарға ұлғайып, 193,4 мың гектарға дән себілді. Ал негізгі дақыл күріштің көлемі 89,0 мың гектарды құрады. Егін жинау қорытындысымен күріштен – 503,3 мың тонна, картоптан – 94,4 мың тонна, көкөністен – 152,1 мың тонна, бақша өнімдерінен – 246,6 мың тонна өнім жиналды. Өздеріңіз білетіндей, аймақта су тапшылығы айтарлықтай сезілуде. Осыған сәйкес, егіс көлемін әртараптандыруға басымдық берудеміз. Ал басты дақыл күріш көлемін біртіндеп тұрақтандыра отырып, егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ететін майлы, жемшөп және бақша дақылдарын ұлғайтуды жоспарлаудамыз. Сәйкесінше, 2025 жылға қарай күріш алқабы бөлінген су көлеміне қарай 80 мың гектарға тұрақтандырылып, суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемін 8,7 мың гектарға ұлғайту көзделуде, – деді Серік Қожаниязов.

Брифинг барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Салауатұлы су шаруашылығында атқырылған жұмыстарды баяндап, күрделі деп танылған су тапшылығы мәселесінің алдын алу бойынша негізгі шараларды атап өтті.

– Биылғы вегетациялық кезең өте күрделі су тапшылығы жағдайында өтті. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясында Шардара су қоймасына 1 қазанға дейін 4,2 млрд м3 су түсуі болжанса, нақты 2,4 млрд м3 немесе 57 пайызы түсті. Осыған қарамастан жауапты министрліктермен және шаруалармен бірлесіп, егілген егістікті судан қалдырмау шараларын барынша жүргіздік. Арнайы жұмыс тобы құрылып, шаруашылықтарға су кезекпен берілді. Шаруалар жоғары орналасқан жерлерге су жеткізу және қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану үшін 351 насос қолданды. Сонымен қатар, Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелерді қалпына келтірудің жол картасын» әзірледік. Соның аясында облыста тасқын суларды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру мен жаңғырту шаралары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Үкіметпен бірлесіп 1 млрд текше метрге дейін тасқын суды жинақтауға арналған Қараөзек су қоймасын салу жоспарлануда. Одан бөлек, иесіз каналдарды, қашыртқыларды және кіші гидротехникалық құрылыстарды есепке алып, күтіп ұстау үшін облыстық су шаруашылығы мекемесін құруды жоспарлап отырмыз, – деді Серік Салауатұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<