Ахметтанушы ғалымдармен тағылымды кездесу

800

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын зерттеуші ғалымдармен кездесіп, ғылыми жұмыстарына жаңа идеялармен қаруланды.
«Даналық» бейсенбі жобасының кезекті шарасы қазақтың ақыны, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлына арналды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Жеңіс Сәдуақасұлы және филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов қоғам қайраткерінің өмірі мен еңбектері туралы өздерінің зерттеу жұмыстарымен бөлісті.
– Ұлт ұстазының қазақ тілі білімін қалыптастыру бағытындағы еңбектерін таныстыру арқылы А.Байтұрсынұлының ғылымды дамытудағы жетістіктерін көрсеттік. Оның жан жақты қырларын аша отырып, оқушыларды ғалым шығармашылығын зерттеуге бағыт бағдар бердік, – деді Жеңіс Сәдуақасұлы.
Ғалымдардың айтуынша бүгінде ұлт ұстазының жүріп өткен жолында зерттелмей қалған бағыты – Қызылорда кезеңі:
– Ахмет Байтұрсынов біздің өңірде 4 жыл тұрып, шығармашылық жұмыстармен айналысты. Арманы болған бірнеше кітаптары Сыр өңірінде жарық көрді. Сондықтан оқушыларды алдағы уақытта осы кезеңдегі ғалым өміріне зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ұлт мақтанышы туралы ұмыт қалған деректерді жаңғыртуға үн қосуға шақырамын, – деді Аман Абасилов.
Халыққа еңбегі сіңген ірі тұлғаны ұлықтап, оқушылар арасында ұлттық сананы қалыптастыруға негіз болған шарада оқушылар тақырып бойынша сауалдарын жолдап, жауап алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<