Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары барысында «Ақшатау» елді мекеніндегі жаңа мектептің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Syrboyi.kz
Жаңа нысан ашылғанша шәкірттер 60 орындық бастауыш мектепке бейімделген ғимаратта оқып келген. Енді ауыл балалары бастауыш сыныпты аяқтаған соң аудан орталығына бармай-ақ, ата-аналарының қасында оқуын жалғастырады. Білім ордасы спорт, акт зал, асхана, кітапхана және жекелеген пәндік кабинеттермен жабдықталған.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 мектептің құрылысы басталып, алғашқы 900 орындық мектеп өткен жылдың қазан айында облыс орталығында ашылды.
Жыл басынан бері Жаңақорған ауданының «Жаңарық» ауылында, Арал қаласында 300 орындық, Жаңақорған кентінің «Саяжай» шағын ауданында, Қызылорда қаласында 600 орындық мектептер пайдалануға берілді. Биыл тағы бес «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Өткен жылы аймақта 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат ел игілігіне табысталды. Осылайша Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешімін тапты.
«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында «Оқушылар сарайы», Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» іске қосылды. Осы жылы Шиелі ауданында да «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» жұмысын бастайды.
Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы» мен музыкалық колледждің құрылысы мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы наурыз айында аяқталмақ.
Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта 1300 мектепті жаңғыртуды тапсырғаны белгілі. Осы ретте 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектепке, биыл оның 9-ына күрделі жөндеу жасалады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<