Аймақ басшысы опера әншісі Айгерім Алтынбекпен кездесті

6

0

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Алтынбекпен кездесті.

Аймақ басшысы опера әншісінің өнер жолындағы жетістіктеріне, өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Ең алдымен Айгерімді еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күніне орай Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алуымен, әлемдегі ең беделді театрлардың бірі – Италиядағы атақты «Ла Скала» театрының академиясына тағылымдамадан өтуге қабылдануымен Өзімнің және Сыр жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тек сіздердің отбасылық жетістіктеріңіз ғана емес, елімізбен қатар, аймағымыздың өнері мен мәдениетінің халықаралық деңгейде мойындалуының жарқын көрінісі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, терең білімді, заманауи көзқарастағы жастардың қолында» деген болатын. Айгерімнің шығармашылық жолы, үздіксіз ізденісі мен кәсіби шеберлігі жас буын үшін үлгі.

Қазір «Сыр елі – жыр елі» атанған өңірімізде өнерпаздарға қолайлы орта қалыптастыру, өнерлі, дарынды жастардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылуда.

Соның бір жарқын көрінісі Өзіңіз білім алған, ел мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан өнерпаздарды түлеткен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің ғимаратын жатақханасымен қосып заманауи үлгіде жаңадан салып пайдалануға бердік», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Кездесуде облыстың Құрмет грамотасын алған Айгерім Алтынбек, қазақы дәстүрге сай сый-сияпат иеленген анасы Кеңескүл Ақтілеуқызы көрсетілген құрметке ризашылық білдірді.

Биыл сырбойылық опера әншісі Айгерім Алтынбек әйгілі тенор Хосе Каррерастың Астана қаласында өткен мерейтойлық қоштасу және Италиядағы әлемдік турына, Андреа Боччелидің Ежелгі Помпей амфитеатрының сахнасында өткен тарихи концертіне қатысты. «Ла Скала» театрының академиясына тағылымдамадан өтуге қабылданды. Бұл – қазақстандық опера өнері үшін зор жетістік.

Әнші республикалық және халықаралық вокалдық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, Қазақстанның атын әлемдік сахнада кеңінен танытты.

Ол 2014-2016 жылдары Қызылорда облыстық филармониясында солист қызметін атқарған. Қазір Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі ретінде шығармашылық қызметін жалғастырып келеді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі