Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев №375 референдум учаскесінде Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты республикалық референдумда дауыс берді.
– Бүгін таңертең №15 мектеп-лицейінде орналасқан өз референдум учаскемде дауыс бердім. Облыс бойынша 378 референдум учаскесі бар.
Дауыс берушілерге ыңғайлы болу үшін 179 онлайн сервис, уақытша тіркеу қызметін атқаратын 5 онлайн учаске іске қосылған. Азаматтар өз учаскесін 4 платформа арқылы біле алады. «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасындағы https://referendum.orda.gov.kz сайты және арнайы телеграм боты үздіксіз жұмыс істейді.
Азаматтар сайтқа кіріп, өз учаскесі, референдум комиссиясының мекенжайы, байланыс деректері және комиссия мүшелерінің құрамы туралы ақпарат алады. Сондай-ақ 109 қызметінің диспетчерлері де сауалдарға жауап беруге дайын.
Ертемен учаскелерде жұмысын бастаған азаматтардың еңбегіне алғысымды білдіремін, – деп жазды аймақ басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қызылорда облысында 378 учаскеде 2642 комиссия мүшесі қызмет атқарды. Қызылорда қаласында 126 учаске бар, қалғаны аудандарда орналасқан.

Учаскелер таңғы сағат 6.00-де ашылды. Дауыс беру таңғы сағат 7.00-ден басталып, 20.00-ге дейін жүргізілді.
Қимыл-қозғалысы қиын мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін 67 инватакси, 49 учаскеде сурдоаудармашылар ымдау тілі қызметін көрсетті.
Орталық референдум комиссиясы жариялаған алдын ала деректерге қарағанда, қызылордалықтар Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты референдумға белсенді қатысып, маңызды саяси науқанда ел ертеңіне бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
«СБ» ақпарат






