Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардағы бюджеттік жоспарлаудың сапасына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, соңғы жылдары аймақтардың кіріс қоры айтарлықтай артқанымен, кейбір салық пен төлем түрлерінің республикалық деңгейден аймақтарға берілгені қосымша қаржылық салмақ тудырған. Бұл тәжірибе бюджетаралық қатынастардың қисынына қайшы болып, қабылданған шешімдерге сенімді төмендетеді.
Президент жергілікті атқарушы органдарға бөлінетін қаржы ресурстары мен олардың міндеттемелері бір-бірімен сәйкес болуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан бір орталықтан басқарылатын унитарлы, біртұтас ел болғандықтан, елдің әлеуетін арттыру және халықтың әл-ауқатын көтеру үшін барлық мемлекеттік қызметкерлер ақыл-парасатпен және үйлесімді жұмыс істеуі тиіс.
Жаңа Бюджет кодексі бюджетаралық қатынастарды нақтылап, барлық деңгейдегі жауапкершілікті айқындаған. Енді осы нормалардың өңірлерде іс жүзінде қалай іске асатынын бақылау қажет. Егер қолданыстағы құралдар тиімсіз болса, оны тез әрі батыл түзету қажет екені сөзсіз.
Сонымен қатар Президент жаңа ережелер аймақтардың қаржылық дербестігіне кедергі болмауы, олардың кіріс көздерін арттыруға деген ынта-жігерін тежемеуі тиіс екенін айтты. Үкіметтің міндеті – аймақтардың қаржылық тұрақтылығын нығайту, бұл стратегиялық мақсат болып табылады. Басқарудың түрлі деңгейлері арасындағы жауапкершілікке салғырт қарауға болмайды.






