Қызылорда қаласындағы Айтбай мешіті көне ғимараттың бірі болса да, сәулеттік өнері және құрылыс сапасы жөнінен ешбір кемдігі жоқ нысан саналады. Оның тарихы тереңде. Шежірешілер сөзіне сенсек, ол 1878 жылы Айтбай қажы Балтабайұлының қаржысына салынған.
Негізгі құрылысшылар Әулиеатадан алдырған Ысқақ пен Камал есімді шеберлер екен. Шеберлер ислам сәулет өнерінде сирек кездесетін үлгіні пайдаланған. Күйдірілген қышпен өрнектелген, сыйымдылығы 500 адам, мұнарасы 14 метрді, күмбезі 9 метрді құрайды.
Бұл мешіт 1950 жылы кинотеатр ретінде пайдаланылса, кейін мектеп-интернат, тігін цехы мекемесі болған. Ал, қазіргі таңда ғимарат мешітке қайтарылды. Нысан республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің бірі ретінде мемлекет қорғалымында.⠀
«Қызылорда» тарихи-танымдық кітабында («Тұмар», 2005): «1870 жылдан бастап қалада мұсылман мешіттері пайда болды. 1871-1872 жылдары Құлбай Бекмырзатегінің салдырған мешітіне барлық мұсылман барған. Азан шақыратын мұнарасы болған. Ал, ең үлкені 1882 жылы салынған «Намаз» мешіті. Оны имам Қадырбай салғызды. 80-ші жылдардың аяғында ол Бисембай молданың иелігіне көшті. Ол тағы бір мешіт тұрғызып, қала мұсылмандарының парызын өтеді. Осы кезде өзбектер мен сарттарға арнап бұқар сарты Нұрбай Хайруллатегі мұнарасы бар мешіт салғызды. Татарлар мешіті 1891 жылы саудагер-бай Камаловтың қора жайында ашылды. Оның да азан шақыратын мұнарасы болды.
Қазақтың ең үлкен мұнаралы мешіті 1905 жылы салынды. Оны салдырған ауқатты қазақ Айтбай Балтабайтегі еді. Мешітке 40 мың сом қаражат жұмсалды».
Жалпы, «Айтбай» мешітінің алғашқы имамы Түркістаннан алдырған Ғайыпов Ысқақ деген молда делінеді. Оның інісі Жолдас азаншы болған.
Көпшілікті қызықтырған мәселе – мешіттің астындағы құдық. Ол шынында бар. Суы таза, жарамды. Тіпті Перовск қамалына дейін жер астымен баратын жер асты жолы болған деген де әңгіме бар.






